Елордалықтар ұлттық тағамнан дәм татты

Елордалықтар ұлттық тағамнан дәм татты

Ұлыстың ұлы күніне орай елорданың барлық ауданында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп жатыр.

Саябақтар мен алаңдарға жиналған қауым алтыбақан теуіп, қазақ күресінен, қошқар көтеруден, қол күресінен және гір көтеруден мықтылық байқасты. Осындай бұқаралық шаралардың бірі Алматы ауданындағы Триатлон саябағында да ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілдігі және әр түрлі құрылыс компаниялары 10-нан астам киіз үй тігіп, концерт қойды. Қала тұрғындары мен қонақтарын құшақ жая қарсы алып, ұлттық тағамнан дәм татқызды. Келушілер бір-біріне ақжарма тілегін арнап, шат-шадыман күйге бөленді.

Алмас Әбілдаев, қала тұрғыны:

- Әз Наурыз мерекесі құтты болсын, ақ мол болсын. Мереке жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бір байқағаным, ұлттық тағамдарымыз келген меймандарға тегін таратылып жатыр. Бұл жерде асық ату, арқан тартыс сияқты спорт түрлері өтіп жатыр. Концерттік бағдарлама да бар.