Қарағанды облысындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді

Қарағанды облысында биылғы көктем қолайлы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде су басу қаупі сейілді. Әсіресе ауа райы түнгі уақытта сынап бағанасы нөлден төмен, ал күндіз жоғары болғандықтан, қар жайымен еріп жатыр. Қазір облыстың оңтүстік өңірлерінде ақ ұлпаның 40%-і еріген. Осыған қарамастан өткен жылдардағы тәжірибеге сүйеніп 140 елді мекен бақылауға алынған.

Бұдан бөлек, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 10-ға жуық өзенде көлемі 5 мың шаршы метр жердің мұзы жарылған. Алдағы уақытта облыстың солтүстік өңірлерінде де осындай жұмыстар жалғасатын болады.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:

- 239 гидротехникалық құрылыс бар, 100-ге жуық жолдағы қауіпті учаскелер бар. Облыс бойынша дайындық жұмыстары аяқталды деуге болады.  60% қар жатыр деп айтуға болады, одан да аз шығар. Бүгін тағы бір космоснимок аламыз, қар жақсы сіңіп жатыр. Қар қатты еріп, жайылып жатқан мәлімет жоқ.