Шымкенттегі пән олимпиадасында оқушылар неден ұшынды?

Шымкентте пән олимпиадасына келген оқушылардың жаппай улануына қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дене қызуы көтеріліп, өздерін әлсіз сезінген 15 баланың бәрі асқазан-ішек жолдарының жұқпалы ауруына шалдыққан. Сондай-ақ мектеп оқушыларының бірінен ауыр дәрежедегі желшешек бөртпесі байқалды. Алайда мамандар олардың нақты қайда және қандай тағам түрінен уланғанын дөп басып айта алмай отыр. Ал Денсаулық сақтау басқармасы балалардың кейбірі пойыздан түскен бойда дәрігердің көмегіне жүгінгенін айтады.

Инна Глазебная, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы:

- Барлығы 15 бала өз денсаулығына шағымданды. Олардан асқазан-ішек жолдарының ауырсынуы байқалды. Оқушылар гамбургер, суши, сорма мен салат, тіпті тәтті тағам түрлерін де тұтынғанын айтты. Яғни, түрлі өнімді бір уақытта тұтынуы да себеп болуы мүмкін.

Оқушылар осындай жағдайға ұшыраған соң пән олимпиадасын өткізу форматына өзгеріс енгізілді. Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен арнайы штаб жасақталған. Енді алдағы сәуір айына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикалық олимпиада әр өңірлердің өзінде өтетін болды.

Гаждембек Тұрсынов, «Дарын»  республикалық ғылыми-практикалық  орталығының директоры:

- Балаларды алып келгеннен кейін екінші күні байқала бастады. Ауруханада жатқан балалардың 10-ы Қостанай облысының балалары. Бір оқушымыз Қызылорданікі және Астана РФМШ, Алматы РФМШ балалары. Ветрянкамен ауырған ол ШҚО оқушысы. Қазіргі таңда бұлардың барлығы бірінші турға қатысқан олимпиаданың. Ол олимпиаданың қорытындысы шықты. Олардың жинаған ұпайлары да анықталды.