Жетісу облысында құрылыс жобаларына 10 млрд теңгеден астам қосымша қаржы бөлінеді

Жетісу облысында жүзеге асып жатқан құрылыс жобаларына қосымша 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Соның 7 миллиард теңгесі тұрғын үй құрылысына, қалғаны «Сарыөзек – Көктал» тас жолын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Бұл туралы осы өңірге жұмыс сапарымен барған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Жетісу облысында биыл 320 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның басым бөлігі Талдықорғанда салынып жатыр. Облыс орталығында 15 мың адам үй кезегінде тұр. Қаланың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына да қосымша қаржы қарастырылады. Ведомство басшысы «Сарыөзек-Көктал» тасжолын күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне де айрықша тоқталды. Алдағы уақытта Кербұлақ ауданындағы цемент зауытының ауыр техникалары мемлекет қаржысына салынған жолмен жүріп, оны бүлдірмейтін болады. Бұл бағытта екіжақты келіссөз жүргізіліп жатыр.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Бюджетті нақтылау кезінде бөлінген 3,5 млрд теңгеге қосымша 4,7 млрд теңге ақша бөліп, биыл сол жолды толық қосамыз. Ол – жалпы халықтың игілігі үшін жасалатын жол. Өйткені анау айналма жолдан өтпейді, ары қарай халыққа ыңғайлы болады. Зауыттың директорымен бірге келіссөз жүргіздік. Бұл зауыт өзі басқа, жеке айналма жол салатын болады. Оны қосымша пысықтаймыз. Бірден қазір, иә, ол мәселе шешілді деп айта алмаймыз. Алдағы 10 күннің ішінде түпкілікті бір шешімін айтатын боламыз.