Павлодарда көктемгі егіске дайындық басталды

Павлодарлықтар, бұйырса, 1 млн 619 мың гектарға дән себеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғымен салыстырғанда 50 мың гектарға артық. Дәнді дақылдардың ауданы шамамен 20 мың 200 гектарға ұлғайды. Бұлар: Ертіс, Тереңкөл, Железин сынды астықты аудандар.

Майлы дақылдар, жем-шөп, картоп, көкөніс және бақша дақылдарының егістік көлемі де айтарлықтай өскен. Тұқым қоры жеткілікті. Техника да сақадай сай. Жер өңдеу, ылғал жабу жұмыстары уақытында жүргізілді.

Ал өсімдік шаруашылығын қолдауға мемлекеттен 3,5 млрд теңгеден астам  субсидия бөлінген. Сонымен қатар көктемгі егіс науқанына биыл 24 мың тоннаға жуық жеңілдетілген бағада жанар-жағармай беріледі.

Марат Ақтаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Операторлық қызметті қоса есептегенде дизель отының бір тоннасы 228 мың теңгені құрайды. Бір литрі – 191 теңге. Бұл нарық бағасынан 39 теңгеге немесе 17 процентке арзан. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы басқармасында жеңілдетілген дизель отынын алушылардан өтінімдер қабылданып жатыр.