Түркістанда 24 көшеге асфальт 94 көшеге тас төселеді

«Жаз шықса болды шаң көтеріледі. Көктемде лай-батпақтан жүре алмаймыз. Көшемізге ертерек тас төсеп, жол салып берсе» Түркістан қаласы, Ортақ шағын ауданының тұрғындары осылай дейді.

Бұл – Ортақ мөлтек ауданындағы Ұлан көшесі. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын төселген қиыршық тас жауын-шашын мен қардың әсерінен батпаққа сіңіп, жоқ болған. Соның салдарынан адамның да, көліктің де жүруі мұң болыпты.

Бақтияр Латифов, қала тұрғыны:

- Қыстың күні, күздің күндері жауын-шашын, қар да мүлде жүріп болмайды. Әсіресе мектепке баратын кішкентай балалар. Батпақ-лай болады.

Нұрмұхамед Абдуллаев, қала тұрғыны:

- Шетінде арық болмаған соң су ортасына жиналады. Қыстың күні көлік жүруі қиындайды. Бізге тас төсеп берсе үлкен рахметіміз болатын еді.

Жолға жауаптылар тас ең алдымен халық тығыз орналасқан және инфрақұрылым жүйесі толық жүргізілген көшелерге төселетінін айтады. Биыл Ортақ шағын ауданына қарасты көшелердің барлығына тас төселіп, жарықшамдар орнатылмақ. Бұл жұмыс Шауғар секторында басталып кеткен.

Пернебай Атамқұлов, қала тұрғыны:

- Су, газ бар, енді жарық пенен жолды істеп жатыр. Ең соңғысы канализация жүреді дейді, одан кейін асфальттаймыз дейді.

Мамандардың айтуынша, Түркістан қаласында ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның 40 пайызы асфальтталған. Өткен жылы 18 көшеге асфальт, 185 көшеге тас төселген. Ал биыл 24 көшеге асфальт, 94 көшеге тас төсеу жоспарда.

Арман Оңалханұлы, қалалық "Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі" басшысы:

- Осы орташа жөндеу жұмыстары 34 шақырым, оның қазіргі уақытта Ақниет, Бәйшешек көшелерінде асфальт жабындысы толықтай қамтылды. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Қазір 30 шақырымға жуық аумақта тас төсеу жұмыстары аяқталды. Осы тас төсеу, асфальт салу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ биыл қала бойынша 274 көшеге жарықшамдар орнату көзделген. Мамандар бүгінге дейін соның 137 көшесі жарықтандырылғанын айтады.

Азамат Тауасқанов, мердігер мекеменің бас энергетигі:

- Қазір Түркістан қаласының Баянауыл шағын ауданында 28 көшеге жарық шамдарын орнатып жатырмыз. Кешкі уақытта өзі іске қосылып, таңертең өзі өшеді.

Жауаптылардың айтуынша, өткен жылы қалада 150 аялдама салынып, 134 көше жарықтандырылған. Биыл осы бағыттағы 138 көшеге жарықшам қойылып, 100 аялдама жасақтау жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ербоат Әбіш, Қуаныш Әбуов