Риддерде 1 сәуірден бастап жылу тарифі 18% төмендейді

Риддерде 1 сәуірден бастап жылу тарифі 18% төмендейді. Прокуратура тексерісінен соң осындай шешім қабылданды.

Қалада жылуға жарымаған пәтер  иелері үшін 63 миллион теңге төлем қайта есептелген болатын. Алайда қыс  бойы жылымаған тұрғындарды бұдан көрі шаһар болашағы көбірек алаңдатады. Олар «Риддер жылу электр орталығының» түбегейлі жөнделіп, жағдайдың тұрақталғанын асыға күтіп отыр.

Риддер жылу электр орталығындағы құрал-жабдықтар қыс бойы 67 рет сынған. Жақында өрт, соңынан жарылыс болып осымен екінші рет төтенше жағдай жарияланды. Әлбетте бәрін әп-сәтте жөндеу мүмкін емес. Өйткені барлығы әбден тозған. Миллиардтаған қаражат керек.

Ержан  Нұрбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:

- Аз емес,4-5 миллирад мынаның бәрін нақты бітірейік десек сонша ақша салу керек кем дегенде. Әрбір темір енді мен міне осында жүрмін ғой көріп тұрмын, фольга болып қалған ғой,бұрынғы сол 1958 жылы салынған содан кейін көп нәрсе құйылған жоқ, кап ремонт жасалмаған текущимен жүре берген ғой.

Облыстық әкімдік қазір  алдын ала төлемдерді жинау арқылы жылу станциясына 127 миллион теңге бөлді. Бұл көмір, электр энергиясы, мазут сияқты басты қажеттіліктер үшін. Қазір жылу мекемесі отынды үнемдеуге көшкен.

Мына жерде қазір 15 күнге ғана жететін көмір қоры жатыр,оның өзін облыстық әкімдік жеткізген. Ал Қаражыра кен орны бұл жылу электр орталығына көмір бермей жатыр, өйткені  жылу электр орталығы оларға 1,5 миллиард теңге қарыз болып қалған.

Жалпы  кәсіпорынның кредиторлық қарызы 3 миллиард теңгеден асып кетті. Бұл аз десеңіз, прокуратуралық тексеріс нәтижесінде 11 миллион теңге айыппұл тағы қосылды. Өйткені 240 заңнама бұзу фактісі тіркелген. Мақсатсыз жұмсалған қаражат туралы дерек те анықталды.

Мақсұт Тоқсанбаев, ШҚО прокуратурасының ресми өкілі:

- Тексеру барысында 548 миллион теңге сомасында тарифті смета және инвестициялық бағдарламалар қаражатын мақсаттсыз жұмсау,табиғи монополиялар заңнамсын бұзу фактілері анықталды.

Алайда бұл жаңалық риддерліктердің бойын жылытқан жоқ. Олар көктем келгелі көшеге көп шығатын болған. Өйткені пәтердегі батареядан көрі, күн шуағына отырып жылынған жақсы дейді.

Лариса Евстафьева, Риддер қаласының тұрғыны:

- Қыстан қалай шыққанымызды білмеймін.Тіпті үйде ыстық су болған кез аз. Үнемі қалың киіммен жүрдік. Осыншалықты жағдай қиындайды деп ойламап ек. Көтемге әрең жеттік.

Сонымен әзірге жалпы 22 мың абонентке 63 миллион теңге төлем қайта есептелді. Осының есебінен бірінші сәуірден бастап бір жыл мерзімге жылу тарифі 18 процентке арзандайлы.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов