Қонаев қаласында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акциясы өтіп жатыр

Жыл басынан бері Алматы облысының тас жолдарында екі баланың тағдыры қиылды. Отызға жуық жас өрен көлік апатына ұшырап, түрлі дене жарақатын алды.

Жол-қауіпсіздік ережелерін ескермейтін жүргізушілер кінәсінен жастар зардап шегіп жатыр. Бұған сақтыққа салғырт қарайтын ата-аналар да жауапты. Тәртіпті күшейту мақсатында өңірде «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акциясы өтіп жатыр.

Қонаев қаласының тұрғыны Шыңғыс Асқарұлы жолға шығарда алдымен бала қауіпсіздігін ойлайды. Көлігінде автоорындық бар. Балаларын соған отырғызып, белбеуін тағып қана жолға шығады. 

Шыңғыс Мәуленов, қала тұрғыны:

- Байқаймын көп адамдар автокресло қолданбайды екен. Негізі баламыздың қауіпсіздігіне өте керек дүние.

Әрине, әр адамның қымбат автоорындықты орнатуға жағдайы бола бермейді. Оған ешкім мәжбүрлеп те жатқан жоқ. Дей тұрғанымен көлікке бала отырғызған соң, оның тағдырына алдымен жүргізуші жауап береді. Өткен жылы жол апатынан төрт, ал жыл басынан бері екі бала көлік апатынан көз жұмды.

Айжан Әлибайқызы, Алматы облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

- Бұл санатта балалардың автокөлікте арнайы ұстау құрылғыларынсыз тасымалданғаны себепті. Автокресло дейміз ғой. Соны қолданбаған себепті екі бала қаза тауып, қалған 29 бала әртүрлі дене жарақаттарын алған.

Жол-көлік апатына әрдайым жүргізушілерді кіналауға болмас. Рұқсат етілмеген жерден жолды жаяу кесіп өтпек болған адамдар да тәртіпті жиі бұзады. Мысалы, Алматы-Қапшағай күрежолында көлік қаққан деректер жылда тіркеледі. Өткен жылы полиция инспекторлары  жолда жүру ережесін өрескел бұзған 3 534 адамды әкімшілік жауапқа тартты.

Бағлан Шәкіров, Алматы облыстық ПД  патрульдік полиция батальонының  бөлім командирі:

- 51 жол оқиғасы болды. Соның ішінде тоғызы апаттан қайтыс болған. Тоғызы ауыр жарақаттармен ауруханаға түскен. Осы пешеход жаяу жүргіншілер» скл «Осы іс шараны әлі жүргіземіз. ҚР Әкімшілік кодексінің 612 бабының бірінші тармағымен айппұл салынады.

Жалпы, жолды рұқсат етілмеген жерден өту бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айппұл салынады. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін естен шығармау керек дейді тәртіп сақшылары.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев