1 сәуір-халықаралық құстар күні

1 сәуір-халықаралық құстар күні. Бұл күн 1926 жылдан бері аталып өтеді.

ЮНЕСКО-ның  биологиялық бағдарламасы аясында атаулы даталар тізіліміне енгізілген.

Мақсат– құстардың жылы жаққа қайтып, олардың жұмыртқа салар кезінде  қамқорлыққа алу. Жоғалып кетуге шақ қалған  құс түрлерін қорғауға алып,  экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақыру.

Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыны  200-ге жуық құс түрі мекендейді. Оны қала тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді. Біз көп мән бере бермейтін сол қанаттылар қаланың  экожүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді. Бірақ Тұрғындар кейде құстарға зиян келтіріп жатады.

Елена Ударцева, педагог:

- Ең бастысы адамдар құстардың тыныштығын бұзбаса екен деймін. Әсіресе  ұя салатын кезінде кедергі келтірмесе болды. Құстар  көпшілікке тез үйренісіп кетеді. Адамдардың қолынан тамақ алып жей береді. Міне, үйректер олардың тамақтандыратынын жақсы біліп алған.

Алматылық  Елена Ударцева мамандығы бойынша мұғалім. Ол қалада  табиғаттану бойынша экскурсия жүргізеді. Бүгін Елена жабайы табиғатты қорғауға арналған жобаға қатысатын студенттер тобымен бірге зерттеу жүргізді. Олар жабайы құстарды дүрбімен бақылап, суретке түсірді. Құстардың тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.

Эльмира Мұстафина, Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының жетекші маманы:

- Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау саласында мамандар жетіспейді. Бізде зоологтарды оқытпайды. Сондықтан арнайы мамандарды табу қиын.   Біз қазір еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарымен байланысып, құстар мен жануарларды зерттеуге қызығушылық танытатын студенттерді анықтап,  олармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз.

Орнитологтардың айтуынша, осы  Кіші Алматы көлінің өзінде құстың  50-ге жуық түрі кездеседі. Қала аумағында осындай бірнеше су қоймасы бар. Бірақ жұртшылық өздері тұрып жатқан аймақтың биоалуандығын, яғни фаунасын елей бермейді. Қазір Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының бастамасымен қолға алынған жобаға  60 студент қатысып жатыр. Құстар күніне орай осындай экскурсиялар Қазақстанның 4 қаласында өтті. Жазда студенттердің бірқатары еліміздің өзге өңірінде болатын  экспедицияларға барып, мамандармен бірге құстар популяциясын зерттеумен айналысады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Эдуард Кон