Елде банкроттыққа 34 мыңнан астам адам өтініш берген

34 мыңнан астам отандасымыз өзін банкрот деп жариялауға өтініш берген. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Айтуынша, өтініштер негізінен электрондық Үкімет порталы мен e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы түскен. Бүгінде өтініштердің 10 382- і қаралды.  2 670 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімдеу басталды. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушы 375 адам бар. Сонымен қатар 985 тұлғаның 5 жылдан астам уақыт қарызын өтемей келгені анықталды. 7340 өтініш иесіне сотсыз банкрот деп жариялаудан бас тарту жөнінде хабарлама жолданды. Борышкерлер туралы мәлімет электронды үкімет веб-порталында орналасқан.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Қазіргі таңда азаматтар әлі банкрот деп жарияланған жоқ. Заңнамаға сәйкес осы біз іске алғаннан кейін 6 ай уақыт өтуі тиіс. Себебі қазір осы азаматтар бойынша, бұл деректерді сайтқа орналастырдық. Кредиторлардан, басқа да тұлғалардан сұрақ туындауы мүмкін. Біз қаржылық мониторинг, мүлкі бойынша тексеріс жүргіземіз. Содан кейін, жарты жылдан кейін ғана біз оларды банкрот деп танимыз.