Екібастұз тұрғындары шаңнан көз ашпай отыр

Екібастұздың жылу энергия орталығы күн тәртібінен түспей тұр. Бұл жолы  кәсіпорынға қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл салынды. Бірінші болып шаңнан көз ашпаған қала тұрғындары дабыл қаққан еді. Оқиға орнына экологтар барды. Жүргізілген зертханалық сынақтар  ауаның құрамынан  зиянды қалдықтарды анықтаған. Кәсіпорын басшылығы да мұны жоққа шығармады. Керісінше мәжбүрлі шара екенін алға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Екібастұз жылу энергия орталығының төңірегіндегі дау басылар емес. Қазандықтар қыс бойы дұрыс жұмыс істемеді. Бұл қолданыстағы жабдықтардың зақымдануына әкеп соқты. Соның салдарынан көмір шаңы ауаға таралып жатыр.

Дмитрий Захаров,  «Екібастұзжылуэнерго» АҚ бас директорының м.а.:

- Біз күн жылынғаннан кейін кейбір қазандықтарды іске қостық. Жанармайды жаққанда қосымша мазутты пайдаланбай болмайды. Қара түтіннің көтерілу себебі сол. Әрине, қала тұрғындары үшін ол – жағымсыз көрініс.

3 ай бойы тұрғындарды жылуға жарытпаған станция кешенді жөндеу жұмыстарына дайындық үстінде. Себебі су жылытқыш қазандықтардың бәрі  істен шығып қалған. Суыққа тоңып, қиындыққа көнген Екібастұз халқы бұған да төзуге даяр. Бірақ адамдардың денсаулығына көңіл бөлінсе, - дейді олар.

Андрей Петренко, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Жел оңтүстіктен соққан кезде шаңға көміліп қаламыз. Ал бүгінгідей желдің бағыты өзгерген кезде аса білінбейді. Негізінен түтін мен шаң Заводская және 31-ші шағын ауданға кетеді.

Жергілікті билік қарап отырған жоқ. Қалыптасқан жағдайды бірлесіп шешуге атсалысып жатыр. Жылу жүйелері әкімдіктің балансына өтті. Ал қазандық жабдықтарын жөндеуге қаржылай көмек көрсетеді. Мәселе толық шешілгеннен кейін монополистің сенімді басқаруына өтеді.

Әнуарбек Аманов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:

- Станцияның өзін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл – 8 су жылытатын және 3 энергетикалық қазандық агрегаттары. Қазір 7 қазандықта жөндеу жүріп жатыр. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жылу желілерінде кең ауқымды гидравликалық сынақтар басталады. Біз ол үшін бағдарлама әзірлеп, арнайы жұмыс кестесін жасадық.

Гидравликалық сынақтар жұмыс ауқымын анықтайды. Мамандар жылу желілерінен 300-ге тарта ақау анықталуы мүмкін деп отыр. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін ұзындығы 5 шақырымнан асатын 4 магистральда  қалпына келтіру жұмыстары басталады. Сонымен қатар ақау шыққан  жерлерде шамамен 60 шақырымдық құбыр ауыстырылады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.