Көкшетауда 50 мың доллар пара алған полицей сотталды

Ақмола облысында пара алған полиция қызметкері сегіз жарым жылға сотталды.

Лауазымды тұлға  жергілікті кәсіпкерді алдап, 50 мың доллар пара алған. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің екі инжинері өрт қауіпсіздігін сақтамаған бизнес өкілінен 200 мың теңге пара алып, істі жылы жауып қойған. Қос құтқарушыға үш миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, олар мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан да айырылды. Жалпы аймақта бармақ басты, көз қысты деректері азаймай тұр. Қылмыстың басым бөлігі бизнес субъектілері арасында тіркеліп отыр. 

Айдос Жақиялин, облыстық СЖҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Екі ай ішінде 250 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мәселен, екі аудандық аурухана жауапты кәсіпкерге үш миллион теңге қарыз болған. Ол осы қаржыға медициналық нысанға дәрі-дәрмекпен, жиһаздар жеткізген. Біз облыс орталығындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кездесіп, мәселенің мән-жайын талқыладық. Бір апта ішінде қарыз толығымен төленді.