Шымкенттік Сырлан Тәшімбетов үй ішін орнитологиялық баққа айналдырды

Шымкенттік Сырлан Тәшімбетов үй ішін орнитологиялық баққа айналдырды. Айрықша іске 32 жылын арнаған азамат, сирек кездесетін экзотикалық құстарды көбейтуге әуес.

Оның сөзінше түрлі-түсті сәнді құстар, адамның жабыр-қаулы күйін жадыратып, ерекше сезім сыйлайды. Сондықтан ол тоты-құс бақсам деген, бала арманын жүзеге асырыпты.

Сырлан Тәшімбетовтің құс өсіруге әуесі алты жасында ауған. Алғашында доғал тұмсықты тотықұстың санын көбейтсе, бүгінде оның сирек кездесетін ерекшелеріне баса мән береді. Яғни түрлі түске боялған қанатына қарап, ерекше сайрайтын үнін бағалайды. Сол үшін үйінің бір бөлмесін арнайы жабдықтап, 100 шақты амадина, ақсары, шұбар, сары  шымшық, қылаң құс сияқты қанаттыларға ерекше күтім жасап келеді.

Сырлан Тәшімбетов, құс өсіруші:

- Тырнақтары өсіп кетсе, бұның өзінде мына жерде көрсетілген жері бар. Сол қызыл сызықтан сәл асырып қырқып тұру керек. Себебі ары – бері ұшқанда сеткаға жабысып, өзіне қолайсыздық болады. Тұмсықтары да кейде өсіп жатады. Соларды да кесіп жатамыз. Кейде түлейтін кездерінен дұрыс өтпесе витаминдерін бермесек өліп те қалып жатады.

Сондықтан әр құстың тілін тауып, ерекше бабын келтіру керек. Сырлан Тәшімбетов олардың суын күніне екі рет тазартып, жеміне түрлі минералды қорегін қосады. Арасында бір мезгіл тордан босатып, еркіндікке жібереді. Тропикалық климатқа бейімделгендіктен мұндағы бөлменің ылғалдылығы мен температурасына баса мән беріледі. Мақсат сирек кездесетін құс түрлерін жұптап, ерекше сайрайтын атаулысын көбейту.

Сырлан Тәшімбетов, құс өсіруші:

- Бізде де Қазақстанның өзінің атынан басқа түстен құстың түрін шығарғымыз келеді. Енді толқынды тотықұсты қойып, канарейкаға, амадиндерге көшіп жатырмын. Өте әдемі, әсем құстар. Бұларда кемпірқосақтың барлық түстері бар деп айтып жатады.

Шымкентте құс өсірумен кәсіби түрде айналысып жүрген отызға жуық азамат бар. Барлығының тілегі бір. Арнайы қауымдастық құрып,  халықаралық дәрежедегі көрмелер өткізу.

Рашид Режаматов, құс өсіруші:

- Шымкентте жақсы. Бізде көп адам қызығады. Миравойға жетуіміз қиындау. Бірақ соны ұйымдастырып жатырмыз. Көрме өткізетуге рұхсат жоқ бізде. Құс санын көбейтіп, бұйырса ұйымдастырып жатырмыз.

Көктемде құс сатып алушылар көбейеді. Ал тордағы сәнді қанаттылардың 10 мың теңгеден басталып, 100 мың теңге тұратын бағалысы да бар. Алайда құс өсіруге қызыққандар үшін бірінші орында кәсіп емес, жан рахаты.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов