Рудный қаласында бірегей геологиялық кешен ашылды

Ал Рудный қаласында бірегей геологиялық кешен ашылды.

ЕРДЖИ Геохаб- та жерасты жынысының сынамасын, жаңа технологиямен тіліп, сипаттап, сақтауға бар мүмкіндік жасалған. Кешеннің Қазақстандағы өзге керн қоймаларынан ерекшелігі мұнда, жер қойнауындағы қазба байлықтар туралы автоматтандырылған дерекқоры құрылады. 

Елімізде теңдесі жоқ геохаб 100 мың метрге дейін жерасты жынысының сынамасын сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша геологтар бұрғыланып алынатын керн материалдарын лабораториялық талдауға жібермес бұрын құнды ақпарат жинақтай алады.

Азамат Шалабаев, "ERG Exploration" ЖШС бас директоры:

- Осы уақытқа дейін кернді біз өндірістік базаның әртүрлі гараж қоймаларда сақтадық. Керн далада ашық жәшіктерде сақталғаннан кейін әртүрлі табиғи ықпалдардың әсерінен кернді жоғалтып алдық. Сондықтан қайтадан ол учаскені бұрғылау қажет болды. Ол толық шығынға алып келді.

ERG керн қоймасының құрылысына 320 млн теңге инвестиция салды. Геологтар мұнда керек нәрсенің бәрімен қамтылған. Сынаманы  дәлме-дәл кесетін заманауи білдек, цифрландырылған дерекқор мен дрондар пайдалы қазбаларды барлау-іздестіру жұмыстарын өз күшімен атқаруға септігін тигізеді.         

Ерлан Ақбаров, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі геология комитетінің төрағасы:

- Әлемнің озық технологияларын пайдаланып Еуразиялық топтың осындай жұмысты арттырып жатқаны қуантарлық жағдай. Геология саласында былтыр үлкен тұжырымдама бекітілді. Сол тұжырымдамада Астана қаласында осындай үлкен республикалық геохаб салу жоспарланған. Осындай керн сақтау қоймасы және геологиялық ақпараттарды сақтау көзделген.

Биыл ERG компаниясы геобарлау жұмыстарына 20 млн доллар шамасында инвестиция қарастырып отыр. Ал келер жылы бұл салаға одан екі есе артық қаржы жұмсау жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров