Қостанай облысында астық бағасы шығынды ақтамай жатыр

Қостанайлық шаруаларды астық бағасының түсіп кеткені алаңдатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен күзде азық-түлік корпорациясы бидайдың тоннасы 121 мың теңге деп белгілеп еді. Араға бір ай салып, ол 110-ға түсті. Қазір нарықтағы құны әрі кетсе тоннасына 80-90 мың теңге ғана. Мұндай бағамен өткізу тиімсіз, шығынды да еш өтемейді, - дейді астық өндірушілер. Сондықтан көбі былтырғы жиналған өнімдерін сатпай, әліптің артын бағып отыр. Кейбіреуі алдағы егіске керек-жарағын алу үшін амалсыз ұсынған ақшаға беруге мәжбүр. Бидай құнының құлдырап кетуіне негізгі себеп – Ресейден жаппай арзан астықтың тасымалдануы. Осыған шектеу қою жөнінде қостанайлық кәсіпкерлер атынан Үкіметке ұсыныс хат жолданған.

Талғат Өтекеев, Қазақстан фермерлер қауымдастығы Қостанай филиалының атқарушы директоры:

- Көршілес еліміз арзан бағамен, 60 мың 70 мыңнан баға, сол бағаға біздің тенгеге шаққанда сонымен бидай кіргізіп жатыр. Бұл мынау біздің ауылшаруашылықтарға үлкен қиындық тудырып отыр. Қазір енді былтырғы егіннің 60%-і қолдарында деп айтуға болады. Үкімет айтып жатыр, тоқтатып жатырмыз деп, Енді мынау автокөлікпен кіргізуді бидайды Ресейден тоқтатса, онда баға көтерілуі мүмкін.