Павлодарда жаңа оңалту орталығы ашылды

Онда аутизм және жүйке жүйесінің  ауытқуы бар балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмыс тиімділігін арттыру үшін мамандар әлемдік тәжірибелерді негізге алған. Мәселен, мекеменің моделі АҚШ-тың халықаралық орталықтарының үздік бағдарламаларын қамтиды және қолда бар отандық тәжірибелерді пайдаланады. Ең бастысы, ерекше балалардың қоғамға тез бейімделуін қамтамасыз етуге арналған оқу-әдістемелер бар. Еңбекке баулуға да баса мән берілген. Ол үшін үйірмелер құрылыпты. Мәселен, тігін тігуге, қыш құмыралар жасауға, сурет салуға және робототехниканы меңгеруге мүмкіндік бар. 

Ботагөз Сатыбалдина, ата-ана:

- Орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл жерде ұлыма көп нәрселерді үйретеді деп ойлаймын. Мұнда робототехника бар екен. Бүгін бірінші рет тігін машинасында жұмыс істеп көрді. Өзіне ұнаған сияқты. Әйтпесе, біз үйде тігін тікпейміз.

Татьяна Желдак, оңалту орталығы директорының орынбасары:

- Орталық мамандары аутизм мен ақыл-есінде ауытқуы бар балаларды қоғамға бейімдеумен айналысады. Мұндай жеткіншектерді қоғам қабылдауы керек және оларға дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды. Біздің орталық жаңа әдіс-тәсілдерді енгізеді. Негізгі бағыт ол АВА терапия. Яғни, барлық мамандар бірлесіп, ортақ жетістікке жету жолында еңбек етеді.