Оралда шыбын-шіркейді улауға 101 млн теңге бөлінді

Оралдықтар шыбын-шіркейге қарсы, улау жұмыстарына ерте қамданып жатыр.

Өйткені биыл аймақта, күн күрт жылып, еріген қардың суы жиналған көл-шіктер көбейіпті. Мұндай жерлер дер-нәсілдердің жетілуіне қолайлы саналады. Профилактикалық шараларға бюджеттен 101 млн теңге жұмсалып отыр. Бұл қаражат былтырғыдан да көп. Шаһар тұрғындары жыл сайын жаз бойы, маса мазаны алатынын және улау жұмыстары мардымсыз екенін айтып шағымданатын. Әкімдік өкілдері 13 мың гектар аумаққа химиялық қоспа шашу жоспарланғанын жеткізді. Тиісті жұмыстар екі кезең бойынша жүзеге асырылады. 

Мұрат Қонысбаев, облыстық энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

- Мердігер мекеменің энтомолог мамандарымен шалшық суларды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Профилактикалық дезинсекция жұмыстары Орал қаласының маңындағы аумақта және Серебряков, Круглоозерное, Коминтерн, Желаев, Октябрская секілді тасжолдардың бойындағы орман алқаптарында жүргізілетін болады. 

Данияр Базарбаев, мердігер ұйым директорының орынбасары:

- Жаңа препараттар қолданылады, себебі 2-3 жылда ротация жасап, препараттарды ауыстыру керек. Алдағы уақытта дернәсілдерге қарсы 2 мың га уланады. Сосын екінші кезеңде 11 мың га ересек масаларды улау жұмыстары басталады.