Қарағандыда тұрғын үй ауласында орналасқан футбол алаңдары тексеріледі

Қарағандыда тұрғын үй ауласында орналасқан футбол алаңдары жаппай тексеріледі. Бірер күн бұрын қалада болған оқыс оқиғадан соң мамандар осындай қорытындыға келді.

Еске салсақ, Пришахтинск ауданында футбол қақпасы 7 жасар баланың үстіне құлап, аяғын сындырды. Бұл аула осыдан үш жыл бұрын ғана абаттандырылып, ойын алаңы орнатылған еді. Алайда былтыр қайтадан жөндеуге тура келген. Сапасыз салынған аула биыл тағы сыр берді. Енді әкімшілік мердігердің үстінен сотқа шағымданбақ.

Жадыра Кенжебаева, қала тұрғыны:

- Қазір жағдайы жақсы. Бірақ сынығы бар аяғында. Гипспен әлі апрельдің 18-не дейін болады деді врачтың айтуы бойынша. Жауапты адамдар өз ісін нақты дұрыс атқарса екен деймін. Бұл жерде тек менің ғана балам емес, этаж үйдегі көп балалар жаз бойы шығып ойнайды.

Сәбит Жансағимов, Ә.Бөкейхан ауданы әкімшілігінің бөлім басшысы:

- Өкінішке қарай, балалар үнемі футбол қақпаларына асылып, ырғалып, сындырып тастайды. Дәл осы қақпаны былтыр ғана дәнекерлеп, мықтап бекіткенбіз. Биыл қайта бос жатыр. Сондықтан тұрғындардың да бақылап отырғаны абзал. Көктем уақытында біз қаладағы барлық 28 футбол алаңы мен 200-ден астам балалардың ойын алаңын түгел тексереміз. Егер қираған болса, мердігерлер кепілдік мерзімі аясында қайтадан қалпына келтіреді.