Ертіс өңірінде 2025 жылға қарай аулалар жөнделеді

Ертіс өңірінде 2025 жылға қарай аулалардың барлығы абаттандырылады. 

Арнайы бағдарлама шеңберінде павлодарлықтарды жылдар бойы алаңдатқан мәселе шешімін таппақ. Кешенді жоспар бойынша ойын алаңдары салынып, аумақтар жарықтандырылады. Ал ескілері сүріледі.

Елена Кохан бұл көпқабатты үйде 10 жылдан бері тұрады. Осы уақыт аралығында балалар ойын алаңы  жөндеу көрмеген. Кеңес дәуірінен бергі темір әткеншектер әбден тозды. Тіпті балалардың жарақаттануы бек мүмкін. Сол себепті тұрғындар қауіпсіз әрі жөнделген көрші аулаларға баруға мәжбүр.

Елена Кохан, қала тұрғыны:

- Балалар өте көп. Бірақ, ойнайтын жөні түзу аула жоқ.  Екі кішкентай немерем бар. Осы жерге әкелуге қорқамыз. Темір әткеншектер қирап жатыр. Ауламызға жуырда асфальт төселді. Енді ойын алаңы да жөнделсе екен.

Ал бұл аумақ бір жыл бұрын ретке келтірілген. Қауіпсіз әткеншек, сырғанақтар мен өзге де құралдар орнатылды.

Галина Викторова, қала тұрғыны:

- Асыр салып жүрген балаларды көріп, қуанамыз. Жаңа ойын алаңы көңілімізден шығады. Айналасы қоршалған. Алайда тазалық жағы ақсап тұр, соны күтіп ұстайтын қызмет болса жақсы еді.

Облыс аудан-қалаларында мыңнан астам аула бар. Оның жартысына жуығының жағдайы жақсы. Биыл тағы жүзден аса аула аумағы жөнделіп, ретке келтіріледі. Бұл жұмыстарға бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген.

Ержан Салханов, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- Жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша аулаларды абаттындуры деңгейі 54% құрайды. Сонымен қоса,  облыс қалаларында 55 воркаут алаңы, 53 стритбол және 22 шағын футбол алаңдарын салу жоспарланған. Бүгінгі күні Ақсу және Екібастұз қалаларында аулаларды абаттандыру бойынша мердігер ұйымдар анықталды. 100% көрсеткішке қол жеткізу үшін 2024 жылы тағы 464 аула аумағын абаттандыру қажет.

Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жалпы құны 778 млн. теңге болатын 18 жоба әзірленді. Оның басым бөлігі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат