СҚО-да Сергеев су қоймасы ернеуінен асты

Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасы ернеуінен асты.

Синоптиктердің таңертеңге өлшемі бойынша, әзірге бөгет үстімен ағып жатқан ағыстың деңгейі 21 сантиметр. Бірақ, ол күн сайын көтеріледі. Өйткені, қоймаға еріген қар мен шағын өзендердің суы қосылып жатыр. Жалпы, Есілдің бойы мен оның сағаларында 16 гидрологиялық бекет орналасқан. Мамандар судың деңгейін әр 4 сағат сайын тексереді. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, дәл қазір қауіп жоқ. Бірақ, өзен арнасынан асса жағадағы 20-ға жуық елді мекенді су басуы мүмкін.

Дәурен Қосшығұлов, "Қазгидромет" РМК СҚО филиалының бөлім басшысы:

- Былтыр Сергеев су қоймасы сәуірдің 18 – і толған. Бөгет үстімен аққан ағыстың шегі 48 сантиметрге дейін көтерілген. Ал биыл күннің жылуына байланысты ерте тасыды. Енді ол 10 күннің ішінде Петропавлға жетеді.