Атырау аспанын тұмшалаған түтін әлі сейлген жоқ

Атырау аспанын тұмшалаған түтін әлі сейлген жоқ. 2 сәуірде «АқЖайық» табиғи мемлекеттік резерватында шыққан өрттің жалпы ауданы 130 гектардан асты.

Оның 127 гектары сөндірілгенімен, әлі бықсып жатқан аумақтар бар.

4 тәулік бойы түтінге тұншығу онсыз да экологиясы сын көтермейтін өңір тұрғындарына алаң туғызған. Әрине өрт басталған бетте-ақ барлық күш «тілсіз жауға» қарсы жұмылдырылды. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. 

Биіктігі  2,5 метрден асатын нар қамыстардың басы лаулап жанғанымен түбі суда тұр. Сондықтан, сөндіру қиындап, айнала ащы түтінге толды. Төңірек түгел көк тұманға айналды. Желдің бағыты батыстан болған соң қалың түтін Атырау аспанын тұмшалап тастады.  Бұл сөз жоқ тұғындардың наразылығын туызған еді.

Алғашқы өрт шыққан «Ақжайық» табиғи резерватында шыққан өрт бой берер емес. Себебі қамысты алқап түгел ми батпақта орналасқан. Өрт ошағына арнайы техника бара алмайды. Қорық қызметкерлері күн-түні арпалысқанымен апатты ауыздықтай алмады. Облыста оқыс оқиғаның зардаптарын жоюға арналған комиссия құрылып, мамандардың пікірі тыңдалды.

Әлімғали Дауылбаев, "Ақжайық" МТР директорының орынбасары:

- Кеше таңертең өшіріп тастайтын өрт, техника жоқ. 200-300 метрге дейін өшірдік, шлангымен су шаштық. Есіміз танып түнгі 11-ге дейін жүрдік. Біз республикалық бюджетпіз, местный бюджет бізге бір тиын ақша бере алмайды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті  резерватқа көмекке 4 техника мен 40 қа тарта адам жіберді. Нәтижесінде 70 тен астам өрт сөндіруші қолдағы техинканың көмегімен өрттің таралмауына күш салды. Ол кезде жалынға оранған алқаптың аумағы 130 гектардан асып кеткен еді. Ал қолқаны қапқан күйік иісіне шыдамаған жұрт көшеге шыға алмай қалды. Қала мектептерінде сабақ қашықтан оқытуға көшірілді.  Себебі, мамандар қамыс түтінінің адам ағзасына залалы орасан деп дабыл қаққан.

Сырым Тілегенов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Тек қана қамыс өзі жанбайды, соның алаңында орналасқан ағаш, тасталған тұрмыстық қалдықтар бәрі жанады. Қалаға негізінен смог тәріздес түтін, күйе, зиянды көмірқышқыл газы, азот оксиді сияқты зиянды газдар бөледі. Оның да жануының өзіндік себептері бар. Ол ауа жетпей, бықсып жанған кезде ішінен қосымша диоксин деген сияқты ауыр металдар бөлінеді. Себебі, өсімдік өсіп тұрған кезде ауадағы ауыр металлдарды өзіне сіңіріп алады. Сондықтан, жанған кезде ол кері атмосфераға бөлінеді.

Тілсіз жаудың бетін қайтаруға «Қазавиақұтқаруға» қарасты тікұшақтар да тартылды. Нәтижесінде, түтін бұлты сейіліп, тұрғындар қалыпты тірлігіне көше бастады. Дегенмен, 3 күнге созылған өрт талай кемшіліктің бетін ашып берді.  Материалдық-техникалық база талапқа мүлде сай емес. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде техника тапшы. Ал көмекке келетін тікұшақтың бір рет ұшуының құны 1 млн 300 мың теңге. Былтыр облыста 5 рет орман өрті тіркеліп, 1860 гектар аумақ отқа оранды. Мәселені тездетіп шешпесе мұндай оқиғалар қайтала бермек,- дейді сала мамандары.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев