Ақтөбе облысында жанар-жағар май бағасы тұрақты бақылауда болады

Ақтөбе облысында жанар-жағар май бағасы тұрақты бақылауда болады.

Отынның шектік құнына қатысты Энергетика министрлігінің бұйрығы күшіне енгеннен кейінгі жағдайды да жауапты органдар назарда ұстамақ. Бұл туралы бүгін өңір әкімдігінде өткен жиын барысында айтылды. Ең бастысы, шаруаларға арналған дизель отынын сапалы үлестіру қолға алынған. Бұл мақсатта анықталған операторға қожалықтар үшін тиімді жағдай жасау міндеті жүктеліп отыр.

Жанар-жағармайға қатысты жаңа баға 12-сәуірден бастап енгізіледі. Оған дейін Ақтөбе облысындағы отын құю стансалары өздерінде бар қорды қазіргі құнмен сатады. Нарықта болатын өзгеріске орай, мұнай өнімдерін өткізушілермен жиын өткізген әкімдік өкілдері жағдайдың бақылауда болу керектігін ескертті. Сондай-ақ, жанар-жағармайдың шектік бағасы бекітілгенімен, оның өзге тауар түрлеріне әсері аз болатынын жеткізді.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Ажиотаж болдырмау мақсатында енді бар дизель отынын бұрыңғы бағамен береді. Бұйрық енгеннен кейінгі көлем жаңа бағамен сатылады. Азық-түлік бағасы енді біз тұрақты бақылауда ұстап жатырмыз. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына екі жарым пайыз өсім байқалуда. Ол жалпы республика бойынша ең төменгі баға.

Бүгінде облыста жанар-жағармай көлемі жеткілікті. АИ-92 бензині 30 күнге, дизель отыны 14 күнге жетеді. Ал көктемгі егіс науқанын қалыпты жүргізу үшін энергетика министрлігі облысқа 9,8 мың тонна арзандатылған дизель бөлді. Оның шаруаларға жеткізу үшін қазірдің өзінде оператор-компания анықталған. Атап айтқанда, енді қожалық өкілдері отын іздеп қалаға келмейді, аудандардағы бекеттерден алады.

Жадан Бисембин, облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:

- Арзандатылған дизель отынын тиімді пайдаланып, оның бөлінуін қадағалайтын боламыз, әрдайым бақылауда ұстайтын боламыз. Бұдан басқа, өңірлерде жанар-жағармайдың сатылуына шектеу фактілері орын алып жатыр. Монополияға қарсы біз қазіргі таңда мониторинг жүргізетін боламыз.

Бүгінде облыс бойынша 120 жанар-жағармай құю стансасы бар. Барлығы да уақытылы және қажетті мөлшерде отынмен қамтылып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев