ШҚО-да Өскемен-Риддер автожолы 43 шақырымға қысқарады

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен-Риддер автожолы 43 шақырымға қысқаруы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыстағы салалық мамандар осы бағыттағы алғашқы зерттеу, сараптау жұмыстарын бастап кетті. Көктем келгелі тозығы жеткен жолмен қатынау тіптен қиындап кеткен. Төте жол салынса, түйіткілдің түйіні тарқар еді, - дейді тұрғындар.

Өскемен-Риддердің арасын жүріп өткен адам жол сапасы жайлы жақсы айтпасы анық. «Себебі қанша мұқият болсаң да, шұңқырдан құтылмайсың», - дейді осы трассамен жиі жүретін Нұржан Сағымбаев. Шұрық тесікке толып жатқан жолдың тарлығы да көлік жүргізушілерін әбден қажытқан.

Нұржан Сағымбаев, көлік жүргізуші:

- Жолда тар шұңқырлар көп, 2 машина келсе, сыймай қаламыз. Соғамыз машинаны, соғамыз, жөндейміз, сонымен жүрміз.

Жол сапасын қадағалап жүрген сарапшылар да жұрт пікірін қолдайды. Дәлелдері де жоқ емес. Жыл басынан бері осы бағытты 2 рет тексеріп, 10 шақты ақау анықтаған. Бүгін де көп іздемей, көлемді шұңқырға тап болды.

Асыл Абылқасымов, облыстық Жол активтері ұлттық сапа орталығының сарапшысы:

- Біз жаңа ғана көздеріңізше тексеріп өттік. Үлкен ойық табылды. 6 шаршы метр, бұл өте үлкен көлемді бұзушылық, сондықтан бұны шешу үшін мердігер ұйымға хат жолаймыз, олар тиісті шара қолданады деп сенеміз.

Қазір қаптаған шұңқырларды жамап жасқау басталды. Бірақ оның ұзаққа шыдамасы белгілі. Сондықтан билік өкілдері осы жолды төтелей салып, 43 шақырымға қысқартуды көздеп отыр.

Нұрбек Тұраров, облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы бөлімінің басшысы:

- Тұрғындар Риддерге жету үшін 2 сағат жол жоғалтса, жаңа жолмен 1 сағатта барады. Барлау зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, сонымен құрылыс құны сараптама өткеннен кейін сарапшылар қорытындысымен белгіленетін болады.

Ең бастысы, бұл жоба екі қаланың арасындағы логистиканы дамытады. Сонымен қатар жол бойындағы елді мекендердің өркендеуіне және туризмге серпін бермек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.