Семейдегі жәрмеңкеде Көкпекті әкімі түлектерді ауылға шақырды

Көкпекті ауданына 200-ге жуық мұғалім керек.

Әсіресе математика, орыс тілі, ағылшын тілі, химия, физика пәндерінен сабақ беретін адам аз. Бұдан бөлек өңірге дәрігер, мал дәрігері, агроном қажет. Осыған орай аудандағы әртүрлі мекеме өкілдері Семейдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерімен кездесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Жергілікті әкімдік оқуын бітірген соң туған жерге оралуға ниетті көкпектілік 26 студентке қаржылай сыйақы беріп, сертификат тапсырды.

Жан Жүнісов, студент:

- Көкпекті ауданы Көкжайық ауылының тумасымын. Бүгін жергілікті әкімдіктің бағдарламасымен таныстым, туған жеріме барам деп шешім қабылдап отырмын. Көптеген жеңілдіктер бар. Ауылға барғанда үй, тағы да басқа жағдайлардың жасалатынын айтып өтті.

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

- «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алуға қаражат бөлінеді. Биыл біз 25 түлекке көтермеақы дайындап қойдық. Одан бөлек әкімшілік тарапынан қолдан келген жәрмдемді береміз.