Жезқазғанда 28 көпқабатты үй салынады

Жезқазғанда биылдың өзінде 28 көпқабатты үй салынады. Бұл – 1600 пәтер. Халқының саны 90 мыңнан аспайтын шаһарда қазір 6 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Осыны ескерген билік өңірді дамытудың кешенді жоспарында тұрғын үй құрылысына басымдық берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрынғы Жезқазған облысы тараған соң ширек ғасырға жуық қалада қарқынды құрылыс болмады. Салдарынан тұрғын үй қоры тозды. Баспанасыз азаматтар саны еселеп артты. Әлеуметтік жағдайына байланысты пәтерден үмітті ағайынның алды 20 жылға жуық баспана кезегін күтіп келеді. Солардың бірі – Тұрсынай Аянбаева. 13 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған көпбалалы ана әлі күнге дейін өзгенің үйін жалдап жүр.

Тұрсынай Аянбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Тұрғын үй кезегіне мен 2010 жылы қыркүйек айында тұрдым. Қазіргі таңда тізімде 42-ші орында тұрмын. Алдағы уақытта Ұлытау облысы болып құрылғаннан кейін тұрғын үй кешені басталайын деп жатыр. Тұрғын үй аламыз деген үмітіміз бар.

Облыс мәртебесін алғалы сең қозғалғандай. Жақында құрылысы басталатын 28 үйдің 14-і мемлекеттің, қалғаны жеке инвесторлардың қаражатына салынады. Құрылыс жұмыстары 2 жылға жоспарланған. 2 үй биыл, өзгелері келер жылдың соңына дейін пайдалануға берілмекші.

Мәруа Келмағанбетова, Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- 14 үйде барлығы 800 ден астам пәтер бар. Оның ішінде биыл аяқталатын 2 үйдің біреуі жалға берілетін үй. Яғни, кезекте тұрған азаматтарға беріледі, 60 пәтер.

Облыс орталығынан бөлек, оған қарасты 2 аудан мен 2 қалада баспанаға мұқтаж 1200-ге жуық адам бар. Сондықтан тұрғын үй құрылысы ол өңірлерде де жүреді. Жыл соңына дейін 7 көпқабатты үй пайдалануға беріледі.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.