Атырау облысында қараусыз қалған каналдар жөнделеді

Атырау облысында шаруалар жаз шыға судан тапшылық көреді. Климаты қатал, құрғақшылықтан көз ашпайтын аймақтағы мал-жан мен өндірістің күні Жайыққа қарап тұр. Облыстағы 4 мыңға тарта шаруашылықтың 80%-і өзен бойында орналасқан. Алайда сол тіршілік нәрін тиісті жерге жеткізу жыл өткен сайын күрделеніп барады. Себебі су арналары тапшы, барының өзі әбден тозығы жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Махамбет, Исатай аудандарының егіс алқаптары мен малына су беретін барлық канал бастауын осы жерден алады. «Төменгі Жайық» өндірістік учаскесі арқылы Жайықтан жылына 68 млн текше метр су шаруашылықтарға айдалады екен. Ендігі мәселе – тіршілік нәрін рәсуа етпей тұтынушысына жеткізу. Себебі күтімсіз қалған каналдардың көбі құмығып қалған, ал жөндеу жұмыстары баяу. 

Аслан  Әзжанов, «Қазсушар» РМК, «Төменгі Жайық» өндірістік учаскесінің маманы:

- Каналдарыдң ішінде «Сборный» каналы мен «Нарын» каналы күрделі жөндеуді қажет етеді. Су реттегіш шлюздері ұстамайды. 60-жылдары салынған сонан жөндеу көрмеген қамыс өсіп, ішіне шөп қаптап құммен бітелген. Сондай проблемалары бар. Енді суды далаға жібермейміз, бірақ жеткізу қиындап барады.

Қазір Махамбет ауданы бойынша 9 суландыру каналы бар. Оның бесеуі облыстық коммуналдық меншікке алынып, қалпына келтіріпті. Тағы екеуінің құрылысы былтырғы жылдың аяғында басталған. Бірақ қаражат республикалық бюджеттен бөлінетіндіктен, құрылысы созылып барады, - дейді аудан басшылығы. 

Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:

- «Бақсай» және «Есбол-Қазыбай» каналдарына 100 млн-нан қаржы бөлінді әрқайсысына. Енді бұл каналдарға жалпы құны: Бақсай каналына қажеттілігі - 1,5 млрд, екінші канал - 480 млн-ның айналасында. Жалпы, сұраныс берілді, онымен су ресурстары комитеті және «Атыраусушар» мекемесі қаржы бөлумен айналысуы қажет. 

Атырау облысындағы шаруашылықтары суландыру үшін ұзындығы 1313 шақырымды құрайтын 22 канал бар. Оның 9-ы төменгі Жайық өндірістік учаскесінен су алады. Алайда іс жүзінде кәдеге асатындары саусақпен санарлық. Облыстағы 4 мыңнан астам ауылшаруашылығы құрылымының 80%-і Жайық өзеніне тәуелді. Сондықтан каналдар құрылысын тездетпесе, мұнайлы өңірдің шаруалары биыл да «тіршілік нәрінен» таршылық көретіні анық.     

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов.