Павлодар облысында ауызсу тапшы болып тұр

Павлодар облысында халықты сапалы ауызсумен қамту мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Екібастұз ауданына қарасты Шідерті бекеті тіршілік нәрімен жартылай қамтылған. Елді мекендегі 79 жер үйдің тең жартысы суды тасып ішеді. Мәселе қашан шешілетіні белгісіз. Жергілікті атқарушы билік басқа кәсіпорынға сілтейді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Гауһар Туғанбайдың күнделікті жұмысы – осы. 10 литр су үшін 3 шақырымды артқа тастайды. Бұл отбасының Шідерті бекетінде тұрып жатқанына талай жыл болды. Ауылға автобус қатынамайды. Жол нашар. Сүреңсіз тірліктен қажыған жұрт үйлерін тастап кетіп жатыр.

Гауһар Туғанбай, Шідерті бекетінің тұрғыны:

- Біз үшін қалада тұру қиын. 60 мың теңгеге пәтер жалдаймыз. Осында тұрсам деп ойлаймын, тұрғым келеді, мал ұстағым келеді, бақша салғым келеді. Осы Шідертінің шетінде 45 үй. Енді басқасының бәріне тартылған. Енді оларға жылы су тартқалы жатыр қазір. Бізде суық су да жоқ.

Шідерті бекетінде 80-ге жуық жер үй бар. Соның жартысынан көбі орталық су жүйесіне қосылмапты. Көпшілік құдық қазып амалдап отыр. Ауыл тұрғындары мәселені әкімдердің есептік кездесулерінде жиі көтереді. 

Нұргүл Біләл, Шідерті бекетінің тұрғыны:

- Су жоқ. Қырықтай үй бар, су жоқ. Сол су жоқтықтың кесірінен қаншама үйлер, бір 10 шақты үйдің адамдары көшіп кетті. Кейде қыста пәтер жалдап, қалаға барып келеді. Көктемде күн жылынғанда қайтып келеді.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

- Су желілері Теміржолсудың қарамағында. Сол ұйымның балансында. Сондықтан жаңа жобаны жасағанның өзінде бұл жерде «балансовые разграничение» дейді, осыған қарап жасауымыз керек. Сондықтан Теміржолсудың басшыларымен келіссөз жүргізу керек.

Ал Теміржолсудың құзырына тек Шідерті станциясындағы теміржол нысандарын сумен қамтамасыз ету кіреді екен. Бұл мекеме суды Сәтбаев каналынан алып отыр. Су жүйесіне қосылып алған 40 шақты жер үйге    техникалық құжаттар берілмепті.

Бейбіт Әбдіханов, «Павлодар-Теміржолсу» ЖШС бас инженері:

- 8 екі қабатты үйлер қалды бізде. Ал ауылдағы жекеменшік үйлерге біз су құбырын тартпаймыз. Ол жақта су құбырлары жоқ та. Бұл мәселені ауылдық мәслихаттар шешуі керек. Біздің оған қатынасымыз жоқ.

Шідерті кентінің өзі стратегиялық маңызы жоғары республикалық тасжолының бойында тұр. Сәтбаев каналына жақын орналасқан. Теміржол бекеті бар. Сондықтан елдімекеннің болашағы жоқ деуге келмейді. Тіршілік нәрі жетсе ауыл тұрғындары мал бағып, бау-бақша салуға ниетті. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Темірболат.