Елде биыл 500-ден астам жемқорлық қылмыс тіркелді

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 500-ден астам жемқорлық қылмыс тіркеліп, 400-ден аса тұлғаның осындай әрекеті әшкереленді.

Оның 53-і әр түрлі деңгейдегі басшылар болып шыққан. Бұл жөнінде бүгін Президентке есеп берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына жемқорлыққа жол бермеу үшін қабылданып жатқан алдын алу және сақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берілді. Биыл сыбайлас жемқорлыққа әкеп соқтыратын қатерлерді жоюға қатысты 769 ұсыным мен ұсыныс енгізілген. Сондай-ақ,  Асхат Жұмағалидың айтуынша, биыл 23 қаңтардан бастап шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған «Бизнеске жол» жобасы іске қосылған. Соның аясында шамамен 7 мың кәсіпкер көмек алып үлгеріпті. Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою аса маңызды екенін атап өтті. Президент жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы "бармақ басты, көз қыстылықты" анықтауға және оның жолын кесуге баса мән беруді тапсырды.