Астанада сарбаздардың ата-анасы әскери бөлімді аралады

Әскери борышын өтеп жүрген қазақстандық сарбаздардың ата-аналары елордадағы әскери бөлімдердің бірін аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шараны Қорғаныс министрлігі «Ана жүрегі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырды. Қатысушылар казармадағы тұрмыстық жағдаймен танысты. Жергілікті десант-шабуыл бригадасымен кездесіп, қатардағы жауынгерлерімен әңгімелесті. Асханадағы ас мәзірін көрді. Тағы Ұлттық қорғаныс университетіне ат басын бұрып, әскери-ғылыми взвод өкілдерімен жүздесті. Жас сарбаздар ішкі жағдайдың жақсы екенін айтып, ата-аналарына сәлем жолдады. Қам жемеуін сұрады. Әскери бөлімді аралаған ата-аналардың да көңілі жай тапты.

Айнұр Тәтерова, «Ана жүрегі» ҚБ Семей қаласындағы өкілі

- Басқа аналар сияқты мен де әскерге сенбеген болатынмын. Мен ана ретінде жалғыз ұлымды әскерге жіберуге қорықтым. Мамыр айында әскерге шақырту келіп тұр. Енді қазір баратын болса, бәрі жақсы болады деген ойдамын.