Талдықорғанда ауыл тұрғындары жол мен жарық мәселесін шешуді талап етті

Талдықорғандағы 3-бөлімше тұрғындары жергілікті билік өкілдерінен ауыл ішіндегі жолдарды жөндеп, заманға сай электр бағаны мен көше шамдарын орнатуды талап етті.

«Үй құрылысын жүргізуге жер телімдері бөлінгенімен, ішкі инфрақұрылымды дамыту мәселелері ескерусіз қалып қойды. Біздің осында тұрып жатқанымызға 10 жыл болды. Содан бері асфальт төселген жоқ. Жаңбырлы күндері езіліп, ми батпағы шығып жатады», - дейді тұрғындар. 3-бөлімшеде 20 көше бар. Оның ұзындығы 15 шақырым. Жол жиегіне электр бағандары мен жарық шамдары да жоқ. Тұрғындар үйіне электр қуатын кіргізу үшін ағаштан діңгек қойып, өз бетінше амалдауға мәжбүр. Қалалық әкімдіктегілер биыл жағдайдың реттелетінін айтты.

Айнұр Дәулетханқызы, 3-бөлімше тұрғыны:

- Ай сайын біз осылай жиналамыз. Жылда осылай әкімшіліктен уәде беріп кетеді. Сол қалпында қалып қойып жатыр. Жол деген шұрық-тесік. Жылда осылай жамап-жамап кетеді. Бізге ешқандай оның пайдасы жоқ. Жаңбыр жауады, қайтадан үлкен көліктер өтеді.

Диас Ахметқалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Май айының аяғы мен июнь айының басында жол мәселесі бойынша экспертизадан шығады. Содан кейін жұмысты бастаймыз. Бірінші кезекте автобус жүретін көшелерімізді асфальттап аламыз. Одан кейін қалған көшелерді асфальттаймыз. Осы ауылдың ішіне 20 көшеге 700 опора қойылып, 700 опораның басына көше шамы орнатылып, 6 ТП қоятын болады. Мына ескі тұрған столбтарды, освешениелердің бәрін алып тастайтын боламыз. Барлығы жаңадан қойылатын болады.