Елордада апатты үйлердің тұрғындары үйінді астында қалудан қорқады

Қазір 5 мыңға жуық отбасы ескі баспанада адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр.

Жұрттың жайы не болмақ?

Бұл бес қабатты жатақхана оң жағалаудың қақ ортасында орналасқан. Үйдің салынғанына жарты ғасыр. Әбден тозығы жеткені көрініп тұр. Жақында жертөленің қабырғасы құлапты.

Владимир Аксёнов, қала тұрғыны:

- Мына қабырға құлайын деп тұр. Кірпіштің жартысы жерде жатқаннан аңғаруға болады. Мұнда терезенің ары қарай қисайып тұрғаны да көрінеді. Бұл үйде күннен күнге өмір сүру қауіпті болып бара жатыр.

Анна Гребенюк, қала тұрғыны:

- Міне қараңыз. Кірпіштер қозғалып тұр. Едендер ағаштан жасалған, ескі. Кәріз құбырлары арқылы жүруге мәжбүрміз. Аяғымызды аңдап баспасақ, үй үстімізге құлап кетер деп қорқамыз.

Жатақхана екі жыл бұрын «апатты» деп танылды. Арнайы комиссия бұл жерде тұру мүмкін емес екендігін растады. Ал жергілікті әкімдік тұрғындарды жаңа үйге көшіреміз деп уәде берген.

Анна Гребенюк, қала тұрғыны:

- Осы уақытқа дейін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Арнайы өтінімхат та жолдадық. Нәтижесінде Тұрғын үй басқармасынан жауап келді. «2022-2027 жылдары аралығында сүрілетін үйлердің тізіміне жатақхананы енгіземіз» деп, тізімге қоспады. Қазір бұл үй «69 пайыз тозығы жеткен» деп расталып отыр. 

Әлеуметтік желіде тозығы жеткен үйдің видеосы таралғаннан кейін ғана әкімдіктегілер назар аударыпты. Олар тұрғындарға апатты үйдің келесі жылы сүрілетінін айтқан. Жалпы қазір сүрілуі тиіс 200-ден астам үй бар.

Төлеген Ахметов, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Өткен жылы «апатты» деп танылған 16 үйдің тұрғындарын көшіруіміз керек болған. Алайда техникалық жағдайларға сәйкес, оларды осы сәуір айында көшіреміз. Негізі биыл 4 үйдің сүрілуін  жоспарлап отырмыз.

Осылайша 350 отбасы жаңа пәтерге қоныстануы тиіс. Жауаптылар «апатты үйлердің сүрілуі жоспарын» қайта қараймыз деп отыр. Жыл соңына дейін «жөндеу және жаңғырту» бағдарламасы бекітілмек. Ал «Елорда даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экономисі Марғұлан Қажкеновтің айтуынша, жер мен қаржы мәселесі шешілуі керек.

Марғұлан Қажкенов, “Елорда даму” ЖШС бас экономисі:

- Бұл жағдайда «Елорда дамудың» өз міндеті бар. Бір бөлігін «Елорда даму» сатады, екінші бөлігін апаттық тұрған үйдегі отбасыларына беріледі. Елорда даму жоспары бойынша 2 тұрғын үй кешені салынып жатыр, 160 пәтерге.

Апатты үй тұрғындарының жаңа үйге қоныстану мерзімін жауаптылар нақты айта алмай отыр. Себебі арнайы бағдарлама бекітілгеннен кейін ғана белгілі болады. Ал тұрғындардың базынасы әлі де өзекті болып қала бермек.

Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов, Асхат Қарақойшиев