Қордайлық тұрғын бір ғасыр бұрын жасалған қаруды өткізді

Жамбыл облысында Қордайлық тұрғын 100 жыл бұрын жасалған қаруды полицияға өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сирек кездесетін пистолет, заңсыз сақталған қару-жарақты қабылдау акциясы аясында тапсырылған. Тұрғынның сөзінше, Фроммер Лилипут маркалы тапанша 1923 жылы шыққан. Қаруды Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесі Венгриядан естелік ретінде алып келген екен. Енді көне пистолет полиция департаментінің мұражайына өткізілмек.

Жалпы, қару-жарақты сатып алу акциясы 10 сәуірде басталды. Қазірдің өзінде тұрғындар өз еркімен 24 қару өткізген. Жалпы, шара аясында өтемақы ретінде 10 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген.

Қанат Құрманалиев, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:

- Автоматты қару болса 345 000 теңге төленеді. Ал тегіс ұңғылы қару болса 103 000 теңге көлемінде қаражат төленеді. Қаруды өз еркімен алып кеп өткізген адамдарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.