Атырауда жол ережесін бұзғандар дрон арқылы әуеден анықталады

Атырау облысында жол апаты жиілеген. Биыл жыл басынан бері күре жолдарда 20 жол көлік оқиғасы тіркелді.

14 адам жол апатынан көз жұмса, 34-ті түрлі жарақат алған. Мұндай қайғылы оқиғалар көлік жүргізушілерінің салғырттығы мен жол ережесін сақтамауынан болып отыр. Енді тәртіп сақшылары жол қозғалысын дрон арқылы әуеден бақылайды. Қазірдің өзінде 300-ден астам заңбұзушылық анықталыпты. Олардың көбі жылдамдықты асырғандар мен рұқсат етілмеген жерде көлікті басып озғандар. Тәртіп сақшылары жаңа әдістің жақсы нәтиже беріп отырғанын айтады.

Алмас Закариев, облыстық ПД патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары:

- Тас жолдарда орын алатын жол көлік оқиғаларының көбі жүргізушілердің басып озу ережесін сақтамауында. Осыған орай аталған әкімшілік құқықбұзушылықтарды болдырмау, жол көлік оқиғасын алдын алу мақсатында тас жолдарда қызметкерлер дрон әуе камерасын пайдалануда. Осы дрон әуе камерасын патрулдік полиция ротасының қызметкерлері өздері меңгеріп, әкімшілік құқықбұзушылықтарда өздері анықтап жатыр.