Алматыдағы митинг: жастар әдеп нормаларын талқылады

Мәдениет дегеніміз не? Мәдениетсіздікті қалай түсінеміз? Алматыда митинг ұйымдастырған жастар осы ұғымдардың аражігін ажыратуға тырысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған белсенділер, блогерлер мен кәсіпкерлер қатысты. Қаладағы саябақтардың біріне жиналған жастар өз замандастарының арасында сұрау жүргізді. Митингке қатысушылар қоғамдық орындарда әдеп нормаларының қаншалықты жиі бұзылатынын талқылады. Бірі көшеге тасталған қоқысты көріп қынжылса, енді бірі былапыт сөздердің құлаққа түрпідей тиетінін айтты. Іс-шараның басты мақсаты – қазақстандықтардың назарын елдегі мәдениеттің дамуына аударып, жастарды қоғамдық ережелерді сақтауға шақыру.

Ақсұлтан Қалиев, митингті ұйымдастырушы:

- Бүгінгі таңда біз мәдениет дегенге және мәдениетсіздк дегенге атау беру үшін келдік. Былай қарап отырсақ, әртүрлі аудитория бар және әртүрлі аудиторияға әртүрлі нормалар бар, иә. Сіз үшін мәдениет болып есептелетін дүние мен үшін мәдениетсіздік болуы мүмкін. Қайсысы норма, қайсысы норма емес? Қай жерде осы «қызыл сызық», соны анықтау үшін білгіміз келеді.