Павлодар облысында өрт қаупі жоғары маусым ертерек басталды

Биыл Павлодар облысында өрт қаупі жоғары маусым жылдағыдан ерте басталды.

Бұған құрғақшылық себеп болып отыр. «Ертіс орманы» табиғи резерваты орман мен  дала өрттерінің  алдын алу шараларын бастап кетті. Қылқан жапырақты орман алқабы әуеден де бақыланады. Қауіпті аймақтарға қосымша өрт сөндіру бекеттері қойылған.

Көктем – өрттің ең көп тіркелетін мерзімі. Орманға қауіп  әдетте жазық даладан келеді. Жыл сайын дәл осы уақытта  шаруалар қураған шөпті  өрттейді.  Жел қатты болса қызыл жалынның  бетін қайтару мүмкін болмайды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Өрт бақылау мұнарасы арқылы  қарағайлы орман алқабының аумағы жақсы көрінеді. Егер де өрт шыға қалған жағдайда мұнарашы бірден мына азимут шеңбері арқылы оқиға орнын анықтап,  диспетчерлік орталыққа шұғыл  хабар береді. 

Жалпы өткен жылы «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағында  100-ден астам өрт оқиғасы тіркелген екен. Оның 86-сы найзағайдан болған. Орман өрті 170 гектардай аумақты күлге айналдырды. Мемлекетке келтірілген шығын  көлемі 100  миллион теңгеге жуықтады.

Игорь Лощёнов, инженер:

- Ірі орман өрттерін сөндірудің шұғыл  жоспары бекітілген. Ресей Федерациясы, Алтай өлкесі, «Семей Орманы» табиғи резерваты Аққулы және Шарбақты аудандары әкімдіктерімен арада келісім бар.

Сейтен орманшылығының аумағы 15 мың гектарды алып жатыр. Шамамен он жыл бұрын бұл орман алқабы өрттен жойылып кетуге шақ қалған болатын.   Қазір қалпына келе бастаған.

Саян Галямов, Сейтен орманшылығының бас орманшысы:

-  Өрт қаупі басталуға дейінгі жүргізілген жұмыстар дала мен орман шектелетін жерлерде орман шөптерін өртеу жұмыстары 49 шақырымды құрайтын өртеу жұмыстары жүргізілді және мамыр айынан бастап минжолақтарды күту жұмыстары 730 шақырымды құрайтын басталады. Одан басқа 30 шақырым жолақтар жаңартылады. 

Орман және дала өрттерін шұғыл анықтауға биыл  оптикалық - сенсорлық бақылау құрылғысы алынады. Заманауи құрал    заңсыз ағаш кесу деректерін  анықтауға да көмектеседі.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков