Шиеліде африкалық жайын өсіріліп жатыр

Шиеліде африкалық жайын өсіріліп жатыр.

"Өңірге таңсық балық түрін көбейтудегі мақсат – экспортқа шығару. Ресей мен Қытайда оның етіне сұраныс жоғары",-дейді кәсіпкер.

Жалпы өңірде 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 111 есеге арттыру жоспарланған.

Жатжерлік жайынды көбейтуді шиелілік кәсіпкер Мұрат Қалиев қолға алған. Ол 4 мың шабақ әкеліп, үй ауласынан салған қауызда өсіруіп жатыр. Жылы су, жарық мөлшері жеткілікті, қоректендіру тәртібі де қалыптасқан. Осындай жағдайда әр шабақ 2-3 келіге дейін салмақ қосады екен. Биыл арнайы шаруашылық құрып, өндіріс ашу да жоспарда бар,-дейді кәсіпкер. 

Мұрат Қалиев, кәсіпкер:

- Тағы да ауданымыздан жер ажыратылып, сол жерден жасанды көл жасап, балық шаруашылығын дамытсақ деген ойда тұрмыз. Қазір тағы Өзбекстан республикасына 10 мың шабаққа заказ беріп қойдық. Бір 20 күн немесе 1 айдың көлемінде алып келеміз.

Басты мақсат - африкалық жайынды өсіріп, ет бағытында экспорттау. Көбіне Ресей мен Қытайдан сұраныс жоғары екен. Жылпы Шиелі ауданындағы 50 көлдің 17-сінде тауарлы балық өсіріле бастаған. «Бұл мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесі»,-дейді мамандар.

Мұрат Әшірбеков, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Көлдің талаптары, уақытында суын ауыстырып тұру керек. Шабақтар жіберіп тұру керек. Жан-жағын таза ұстау керек, көлдің айналасын. Экологиялық талаптарға сәйкес келу керек. Гос актілерін, тех паспортын жасап дайын болса, оларға қажетті субсидиясын, мемлекеттен көмегін алады. 

Өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың 2021 -2030» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында балық экспортын 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттыру жоспарланған.

Әділет Ерұлан, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Бағдарламаға сәйкес 2022 жылы облыс бойынша 409 тонна балық өсіру көзделсе, өткен жылдың қорытындысымен 441 тонна балық өсірілді. Сонымен бірге облыс бойынша 1 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы, 6 тоған шаруашылығы толық іске қосылып,жергілікті маңызы бар көлдердің, көлтауарлы балық өсіру шаруашылықтарының саны 71-ге жетті.

Келесі жылы облыста тауарлы балық өндіру көлемін 2 есеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал 2030 жылы бұл көрсеткішті 16 мың тоннаға жеткізу межеленген. Ол үшін 16 шарбақтық, 12 тоған шаруашылығы құрылып, 3 қауыз іске қосылуы тиіс.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин