Абай облысында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» байқауы өтті

Абай облысының Аягөз ауданында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» байқауының жеңімпазы белгілі болды. Ұлттық ғашықтар күніне орай ұйымдастырылған сайысқа өңірдегі 2 қала мен 7 ауданнан 9 жұп қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абай облысында тұңғыш рет өткен байқауда өздерін бір сәт Қозы мен Баян сезінген қыз-жігіттер 5 кезең бойынша бақтарын сынады. Қатысушылардың мамандықтары әртүрлі. Әскери де, мұғалім де, әнші де, биші де бар. Сайысқа ерлі-зайыптылар да, көңілі жарасып, шаңырақ көтерсек деп жүрген жастар да келіпті.

Ерасыл Таев, байқауға қатысушы:

- Осы әлемнің барлығын жандандырып, жарық беріп тұрған махаббат қой. Бұл байқау жастарды жақсылыққа жетелеп, көңілін махаббатқа бөлейді деп білем.

Өнер додасының «Аягөз болып ғасырлар алға көшеді, Ая, көз, ая – арулар елі кешегі» деп Мұқағали Мақатаев жырға қосқан Аягөз жерінде өтуі де бекер емес. «Мұның тәрбиелік қана емес, үлкен символикалық мәні бар», - дейді ұйымдастырушылар.  

Айдар Садырбаев, Абай облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары Аягөз ауданында орналасқан. Бұл –мақтанатын, тәу ететін, тағзым жасайтын қасиетті орын. Шараны өткізбес бұрын барлық қатысушы мазардың басына барып, Қозы мен Баянға тағзым жасап қайтты.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атағын өнерімен де, білімімен де дараланған ақсуаттық жұп жеңіп алды.

Мерей Мейрамбекұлы, байқау жеңімпазы:

- Біз енді отбасымызбен қатыстық. Біз бас жүлде алдық. Өте жақсы көңіл күйдеміз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау алдағы уақытта жалғасады. Мән-мазмұны түрленіп, республикалық деңгейде өтуі мүмкін.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.