Ақтөбедегі стадион демеуші қаражатына жөнделеді

Ақтөбедегі орталық стадион маусым айына дейін жөнделетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қажетті қаржыны демеушілер береді. Қазір жергілікті команда Қазақстан біріншілігі ойындарын облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткізіп жүр. Клуб басшылығының айтуынша, орталық алаңның көгалын қайта қалыпқа келтіріп, спортшылардың шешінетін бөлмелерін жөндеу қажет. Сондай-ақ төрешілер мен медициналық маман бөлмелері де жаңартылады.

Бұл жұмыстар алдағы Конференция Лигасы кездесулеріне дейін аяқталуы тиіс. Нәтижесінде Еуропа біріншілігінде ел намысын қорғайтын «Ақтөбе» клубы жанкүйерлері алдында өнер көрсете алады. Бұдан бөлек, демеушілер жаттығу алаңын да қалыпқа келтіруге қаржы бөлетін болды.

Ерлан Жамантаев, футбол клубының басқарма төрағасы:

- Олимпиада резервін даярлау орталығындағы футбол алаңы да жаңартылады. Бұл негізгі алаңды сапалы күйде сақтап, ресми кездесулерге әзірлеуге мүмкіндік береді. Жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары стадионды УЕФА талаптарына сай етуге бағытталған. Есеп тақтасы мен жарықтандыру жүйесі ауыстырылып, көрермендер орны мен матчтың ресми өкілдеріне арналған барлық бөлмелер жөнделеді.