Атырауда үлескер болып, үйсіз қалғандар көбейді

Атырауда құрылыс компанияларына үлескер болып, кейін сан соғып қалғандар көбейді.

Қазір 2 құрылыс кооперативіне қатысты, қылмыстық іс, сотта қаралып жатыр. Жергілікті әкімдік құрылыс компаниясына үлескер болмай тұрып, құжаттарының заңды екеніне көз жеткізу керек - дейді. Ал баспанасыз қалған тұрғындар, жал-дамалы пәтер жағалап жүр.

Қала тұрғыны Әсел Сәйпенова 2020 жылдың маусымында шаһардағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніне үлескер болып, 9 млн теңге көлемінде қаржысын салған. Өзінің тұрып жатқан баспанасын сатып, жаңасына көшуді жоспарлаған ол, кейін алданғанын бір-ақ біліпті. Жарнамасы мен мекен жайы жақсы, оған қоса арзан бағадағы үйді алып қалуды ойлаған 196 адам қазір сан соғып қалды.

Әсел Сәйпенова, қала тұрғыны:

- Биліктен, жоғарғы соттан соттың әділ шешім қабылдаса екен деп сұраймыз. Мына қара халықтың мүддесіне, солардың оң жағына шешім шығарып берсе екен деп сұраймыз. Өйткені 3 жылдай болды қаңғып жүргенімізге. Көптеген отбасы бар. 1986 ол тек қана үлескер. Оның артында қанша семьясы бар. Бір үйде 5 баладан, бір үйде 6 баладан. Квартира жалдап қаңғып жүрген адам қаншама. 

Жауаптылар мұндай қиын жағдайға тап болмас үшін құрылыс компаниясын толық зерттеп, құжаттарының сай екеніне көз жеткізу керек,- дейді. Қажетті ақпарат сәулет-құрылыс басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасында да жарияланады. Қазір шаһарда құжаттары түгел 10 құрылыс компаниясының ғана үлескер тартуға мүмкіндігі бар.

Әсет Сембаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

- Қазіргі таңда Атырау қаласы аумағында 43 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. 10 нысанда үлескерлерпдің ақшасын тартуға және құрылыс бастауға құжаттары бар және 17 нысанда құрылысқа рұқсат құжаттар бар, бірақ үлескер тартуға рұқсат құжат әлі алмаған. 11 нысан бастапқы рұқсат құжаттары алынған, яғни сәулет-жоспарлау және нобайлау жобасы алынып, әрі қарай басқармаға хабарлама жолдамаған.

Шаһарда 9 тұрғын үй кешенінің иелеріне үлескерлерден ақшаны заңсыз тартқаны үшін 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Қазір 2 құрылыс кооперативіне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Тағы үшеуінің ісі тергеуде.

Мирас Жалмурзин, қала прокурорының орынбасары:

- Кез келген құрылысшы мекемелер өздерінің пәтерлерін жарнама арқылы жариялайды. Сол арқылы өздеріне жаңадан сатып алушыларды іздейді. Сол жарнамалар арқылы біз мониторинг жасап, кейін ол құрылыс нысаны қай жерде орналасқан, жер учаскесі бар ма, жоқ па, құрылысқа рұқсат құжаттары бар ма, жоқ па, соның бәрін тексеріп, біздер шарасын қабылдаймы.

Құрылыс компаниясында тұрғын-үй салуға рұқсаттан бастап, жобаның мемлекеттік сараптамадан өтуі, сондай-ақ уәкілетті органға жіберген хабарламасының болуы аса маңызды. Оған қоса үлескерлерден қаржы тартуға рұқсаттың болуына баса мән берген жөн. Әйтпесе сан соғып қалуыңыз ғажап емес.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин