БҚО-дағы Еңбек ауылына орнатылған гидроблокты тұрғындар тиімсіз көреді

Батыс Қазақстан облысындағы Еңбек ауылына орнатылған гидроблокты тұрғындар тиімсіз көреді.

Өйткені судың литрі 40 теңгеден сатылады екен. Бұл баға шалғайдағы ауылдық ағайынға ауыр тиіп отыр. Сондықтан олар әлі құдықтан лай су тасып ішуге мәжбүр.

Ауыл шетінде қаз-қатар қазылған құдық көп. Алайда көбі опырылып, құлап қалған. Өйткені сайлы аумақта әр көктем сайын ылғал қоры шамадан асып кетеді. Кәдеге жараған құдықтарды ауылдастар жазға дейін ортақтасып пайдаланады екен.

Әли Байменов, Еңбек ауылының тұрғыны:

- Былтыр қазған құдығым да құлап қалды. Оның арғы жылы қазған құдығым да құлап қалды. Ана жерде, әне. Ауызсуды да, малды да, бәрін осыдан суарамыз. 3-4 метр тереңдіктен шығады су. Жыл сайын жазда су болмай қалады ғой.

Елді мекенде 200-ге жуық адам тұрады екен. Бәрі мал шаруашылығымен айналысады. Көгілдір отын бар. Ауылдастар енді ауызсу мәселесінің шешілгенін қалайды. Бір жарым жыл бұрын әкімдік 8 млн теңгеге гидроблок орнатып берген. Алайда, оны ешкім қолданып отырған ешкім жоқ. Себебі тариф бағасы қалтаны қағады.

Жасболат Шынғали, оператор:

- Тұщы суды сүзіп шығарады осы арқылы. Содан мына кабинаға құяды, тонналық. Қазір бос тұр. Ішінде тұрып қалса тағы сасып кетер деп босатып қойдық әзірге. Халық пайдаланбағасын.

Эльмира Хамитова, Еңбек ауылының тұрғыны:

- Тиімсіз болып тұр ол. Оқсамай тұр. Суды қондырды былай әкеліп. Қымбаттау ғой енді. Бұрын үйлер көп болды. Ағыл-тегіл үй енді. Көшіп кетіп жатыр енді жағдайына байланысты.

Әкімдік бұл қондырғыны кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға бермек болған. Алайда инвестор табылмапты. «Енді тарифті төмендету тәсілін қарап жатырмыз» дейді шенділер. Сонымен қатар гидроқұрылғының өзге түрін қолдану ұсынылған екен.

Қадер Нұрғалиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:

- Литрі 40 теңгеден деп есептедік, бірақ негізінде осы жағынан қаралмаған. Осы жақты субсидиялау керек қой. Жоғарыға жазамыз енді. Мысалы, қазір коммуналдық хозяйствоның халыққа беріп отырған суы дейтін субсидияланады ғой. 100 литр су шығатын болса астынан, соның 10 литрін тазаласа, 90 литрі ащы су. Соны септикке құяды. Ананы тазалау үшін оған да расход керек. Сосын басқа бір проект бізге алдында ұсынған. 48 млн теңгеге суды астынан алып тұщыландырамыз да қайтадан жердің астына кіргізіп жібереміз деген. Осыны біздер қолданайын деп жатырмыз.

Жаңа гидроблоктарды биыл аудандағы Сатыбалды, Жас және Аққурай ауылдарына да орнату жоспарланған. Көп ұзамай конкурс жарияланады. Ал тариф бағасының өзгеру-өзгермеуі белгісіз. Жалғыз үміт субсидияда ғана.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов