Елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру

Еліміздегі гидротехникалық нысандардың тозығы жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта қалаларда тіршілік нәрінен, тапшылық сезілуі мүмкін. Сондықтан қолда бар байлыққа, үнемшіл болуымыз керек, - деді Президент. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50%-ке артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдер санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз. Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жайттың алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс.