Абай облысында су жүйесінің құрылысы аяқталмай қалды

Абай облысында Қопа ауылында орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы аяқсыз қалды.

Бес жыл бұрын басталған жоба күні бүгінге дейін бітпеген. Тартылуы тиіс құбырлар далада жатып-ақ шіріп жарамсыз күйге түскен. Жергілікті жұрт ауыз судың азабынан арылатын күнді тағатсыздана күтіп отыр.

Мердігер компанияның 5 жыл бұрын мемлекет қаржысына сатып әкелген құбырларының қазіргі кейпі осындай. Далада жатып әбден тозып шіріп кеткен. Тұрғындар «мүлде пайдалануға келмейді» деп отыр.

Талғат Төлеген, Қопа ауылының тұрғыны:

- 5 жыл бойы салынған мемлекеттің қаражаты, игерілген 200 млн теңге жердің астында керексіз болып жатыр. Іске жарамай қалды. 2022 жылы өзіміз арнайы экспертиза шақырып, тексеруге жіберу нәтижесінде бұл құбырлардың мүлдем жарамсыз екендігі анықталды. Қағаз қолымызда бар.

Су құбырларының жарамсыз екеніне толық көз жеткізген ауыл тұрғындары өздері іске кірісіпті. Ақтоғайдағы кен байыту комбинатына өтініш айтып жүріп ұзындығы 15 шақырым құбыр алдырған.

Қалихан Уәлиев, Қопа ауылының тұрғыны:

- Құбырды тегін дайындап қойды. Мұны мердігер компания әкелген жоқ. Мына жастарымыз әкеп қойды. Ал енді су құбырын әкелсе су тартылады деген. Су әлі жоқ. Оны былтыр айтқан.

Аягөз ауданының Қопа секілді ауылдары ғана емес, қаланың өз басында да әлі күнге дейін колонкадан су ішіп отырған тұрғындар бар. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, шағын шаһардағы 50-ге жуық көшеге орталықтандырылған су тарту қажет.

Сержан Маусымбаев, қала тұрғыны:

- Былтыр қазып тастаған, әлі келмей жатыр. Қыс бойы тасып шықтық. Көктемде қар ерігенде алыстан әкелдік. Қиналып кеттік, су берсе екен тезірек.

Еркін Нарынбаев, қала тұрғыны:

- Отыз жыл болды көшіп келгеніме, 1994 жылдан бері су тасимын. Былтыр бастаған, жайырақ бастап қалды. Күзге қарай, қар жауды да кетіп қалды.

Қазір Аягөз қаласындағы 17 көшеге ауыз су тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұған республикалық бюджеттен 1 миллиард, 512 миллион теңге бөлінген.  Ал Қопа ауылына тіршілік нәрінің нақты қай уақытта кіретіні белгісіз. Жобаға түзету енгізіліп жатқан көрінеді. Соған сәйкес облыстық бюджеттен қосымша қаржы беріледі.

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Шамамен жобада қалған қаражат 273 миллион. 2024 жылды қоса алғанда жоба құны 460 миллион теңгеге өседі есептеліп отыр. Өсетін қаражат облыстық бюджеттен беріледі. Облыс әкімі тұрғындарды қабылдағанда бұл қаражат биыл бөлінеді деп уәдесін берді. 

Жергілікті шенділер жобаға түзету енгізіліп, сараптамадан сүрінбей өтсе, маусымда жұмысты бастап, жыл соңына дейін ауылға ауыз су береміз деп бекініп отыр. Ал тұрғындарға күткеннен басқа амал жоқ.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов