Семейде 70 аула жаңартылады

Семейдегі аулалардың 90 пайызының тозығы жетіп тұр. 

Шаһардағы 600-ге жуық аулаға тұрғындар тарапынан сын көп айтылады. Тіпті жаңадан салынғандарының өзінің сапасы көңіл көншітпейді. Ал қала билігінің бұған айтар өз уәжі бар. 

Бұл – қаладағы Өтепбаев көшесіндегі №52 үйдің ауласындағы ойын алаңы. Жаңа болғанымен кем-кетігі көп. Тұрғындар алаңқайды салғандардың  сапасыз тірлігіне наразы.

Болат Нұрмадиев, қала тұрғыны:

- 4 үйде 6 подьезден бар. Соған қойғаны осы. Мазақ деуге де болады. Екі бала әткеншек тепсе қалған балалар кезекте тұрады. Бұрын мына жерде балалар футбол ойнайтын. Топырақ болса да, шаң болса да. Биыл футбол ойнайтын жер де қалмады. Балалар алаңын да, футбол ойнайтын жерде сыйдыруға болар еді.

Сәбира Әбдікәкімова №1 ықшам ауданда 1972 жылдан бері тұрады. Айтуынша, өзі тұратын үйдің ауласы сол уақыттан бері жөнделмеген. Дені дұрыс ойын алаңы жоқ болған соң балалар осылай әткеншектің орнына резеңке дөңгелекпен ойнауға мәжбүр.  

Сәбира Әбдікәкімова, қала тұрғыны:

- Үйдің жанында ойнайтын жер жоқ болған соң балалар жолдан өтіп, жағалауға барады. Сол жерде ойнайды. Мұқым ықшам ауданда дені дұрыс ойын алаңы жоқ. Демалып отыратын аула жоқ бізде.

Қаладағы аулалардың тозып тұрғанын әкімдіктегілер де жасырмайды. Шаһарда ұзын саны 576 аула болса, соның 90 пайызы осындай күйде.

Қала әкімдігі осы түйткілді мәселені шешу үшін бес жылдық жоспар әзірлепті.

Рамиль Досмағанбетов, қала әкімінің орынбасары:

- Шаһардағы аулалардың барлығын қыста қала әкімі тиісті бөлімдермен бірге аралап көрді. Абаттандыруды қажет ететін аулалардың тізімі жасалды. Бұл жерлерге тек  спорт алаңы мен балалардың ойын алаңы ғана қойылмайды. Тұрғындар тілегіне орай жылу трассалары мен су құбырлары ауыстырылады. Биыл Семейдегі 180 тұрғын үйді қамтитын 70 аула жаңартылады.

Бұған қалалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жалпы, шаһар билігі 2027 жылға дейін облыс орталығындағы 450 ауланы жаңа кейіпке келтіруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов