Қызылордалықтарға жәрмеңкеде 3 мың жұмыс орны ұсынылды

Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Абай мен Ұлытау облыстары қызылордалықтарға 3 мыңдай бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

Бұл аймақтарда әсіресе мұғалім, дәрігер, агроном және құрылысшы мамандықтары тапшы. Сырдың бойынан теріскей мен арқа және шығысқа қоныс аударуға бел буған азаматтар тұрақты жұмыспен қатар баспанамен де қамтылады. Ал егер жеке кәсіп ашамын десе немесе шаруашылықпен айналысуға ниет білдірсе тегін суармалы жер телімі беріледі. Көші-қон шығындарын өтеу және балаларды мектепке, балабақшаға орналастыру мәселесі мемлекет тарапынан реттеледі. «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 3 күн бойы ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне негізінен жас мамандар көп келді.            

Әсел Дәулетова, қала тұрғыны:

- Осы қалалардың ішінен Павлодарды таңдап отырмын. Барлық шарттарымен таныстым. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жас мамандарға өте жағдай жасалған. Өзіңді таныта білуге мүмкіндік туады. Үй, оқу жағынан болсын барлығы шартта қамтылған.

Жанмұрат Сейілов, қала әкімінің орынбасары:

- Қызылорда қаласының өзінен 20-ға жуық мекеме 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынып отыр. Қоғамдық жұмыспен биыл 2 жарым мың адам жұмыспен қамтылады. 900-ге жуық жастар практикасымен қамтылады. Қазір зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмысқа орналастыру қиын. Соған байланысты өткен жылдан бастап «Күміс жас» деген бағдарлама қабылданды.