Оқу-ағарту министрлігі бала тәрбиесіне ден қоймақ

Соңғы кезде мектеп оқушылары арасындағы жаға жыртысу деректері жиіліп кеткені белгілі. Бұл мәселені шешуді Оқу-ағарту министрлігі отбасыдағы тәрбиеден бастамақ жоспарда.

Ол жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Бетпе-бет» бағдарламасында айтты. Министрдің сөзінше, қазір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік кешенді жоспарды бекіту қарастырылған. Оның аясында ата-аналар институтын қайтадан жандандырып, жұмысын күшейту жоспарланған. Бұның арқасында мектеп, ата-ана, қоғам бірлесіп, бала тәрбиесіндегі жұмысты дұрыс ұйымдастыруы көзделген.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Ата-аналар институтын қалыптастыруда қазір әр мектептен ата-аналар академиясын құруды қолға алып жатырмыз. Бұл – ата-аналарға бағытталған үлкен көмек. Өйткені біз мынау бала мен ата-ананың арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған тренингтер, ақыл-кеңес институттарын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз.