Оралдық қарияларға арналған орталық ашылды

Оралдық қариялар үшін бүгін «Қамқор» атты арнайы орталық ашылды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен құрылған ұжымда, зейнеткерлер түрлі спорттық үйірмелерге қатыса алады. Қазақ, орыс, араб, ағылшын тілдерін үйреніп, компьютерлік сауаттылықты меңгереді. Сурет салып шығармашылығын шыңдайды, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Заңгер мен психологтың жәрдеміне жүгінеді. Бұның бәрі, тегін болады. Қазір қалада 48 мың зейнеткер бар. Орталықтың қызметіне қызығушылар қарасы, алғашқы күннен-ақ көп болды.  

Бибігүл Байдәулетова, зейнеткер:

- Біздер үйде отырсақ ауырамыз, жүреміз. Мында келгенде сурет салу, еңбек терапиясы,  сондай үйірмелерге қатысып жүрмін. Өте ұнайды. Жақсы, мұғалімдері өте жақсы. Адамдары білімді, бізге көмектесіп отыр. Бүгін бірінші рет сурет салдым.

Ақмарал Қазиева, орталық қызметкері, бейнелеу пәнінің оқытушысы:

- Балаларға сабақ бергеннің үлкен кісілерге сабақ бергеннен айырмашылығы өте көп. Себебі балалар шаршатып кетеді. Үлкен кісілер баталарымен қуантып жүреді. Сосын суретті салуға дайын тұрады. Әрбір нәрсені үйренуге жылдам қағып алады.