Жамбыл облысында Тамды ауылы жедел жәрдем көлігіне мұқтаж

Жамбыл облысында Тамды ауылының тұрғындары жедел жәрдем көлігіне мұқтаж.

Қолданысқа 20 жыл бұрын берілген ескі көлік, есімізді шығарды дейді жұрт. Ауылдықтар бас ауырып балтыры сыздаса, ауданға апарар такси іздейді. Себебі тозған амбулатория көлігі бір күн жүрсе, бірінде бұзылып жатады. Аудан орталығынан 12 шақырым жердегі елді мекенде 1500-ден аса тұрғын тұрады. Сондықтан ауылдағы ағайын жаңа жедел жәрдем берілсе дейді. Ал аудандық аурухана басшылығы, тозған көлік адам тасуға арналмаған деп түсіндірді. Ескі техника тек ауыл арасын аралап, дәрігерді үй жағдайындағы науқастарға апаруға қолданылатын көрінеді. Ал жедел жәрдем керек болған кезде ауданнан 4-санаттағы көліктер жіберіледі. Дегенмен мекеме басшылығы мәселенің шешілгенін мәлімдеді. Айта кетерлі Талас ауданындық ауруханасында 34 көлік болса, оның алтауы тозған. Мекеме басшылығы оларды жаңарту үшін сұраныс хат жолдаған.

Сейдалы Әбраймов, Тамды ауылының тұрғыны:

- Ремонтымен көп тұрады енді. Оған запчасты да қымбат тұрады екен. Жаңа мәшине керек ауылға. Жас келіндер бар босанатын. Мынау қариялар бар ауырып қалатын, больницаға жеткізетін. Жаңа машина керек, тілеймін оны.

Мұратқали Отыншиев, Талас аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Тамдыға осы жерде бізде запаста тұрған машинасы бар. Сол бір көлік бұзылса сол машинаны жіберіп отыратынбыз, көліктерді тоқтатпаудың амалын жасап. Сол машинаны бердік. Енді жаңа машина тапсырысымыз орындалып жаңа машина келгенге дейін, сол машина Тамды ауылында қолданыста болады.