Оралда заңсыз құрылыс салу жиілеп барады

Оралда заңсыз құрылыс салу жиілеп барады. Керамзит бетон өнімдерін жасайтын серіктестік жеке құрылыс компаниясын сотқа беріп отыр.

Олар кәсіпорынға келетін теміржолдың дәл іргесінен 9 қабатты тұрғын үй салынуын заңсыз деп санайды.

Мына рельстермен күніне ондаған вагон өтеді. Бірнеше кәсіпорынға құрылыс материалдары тасымалданады. Дәл осы жерден былтыр құрылыс басталған. Өндірістік нысан шығар деп ойлап, әуелі алыстан көз тіккен көршілері тоғыз қабатты тұрғын үй екенін білгенде қатты таңғалыпты.

Бақытжан Нұрбаев, керамзит бетон зауытының директоры:

- Құрылыс нормасы бойынша теміржол мен тұрғын үйдің арасы 100 метр болуы тиіс. Шуды қалқалау құрылғысы болса 50 метрге дейін қысқартуға болады. Ал мына жерде аралық 15-ақ метр. Ертең үйді алған тұрғындар түнімен ұйықтай алмадым, ауру сырқаулы едім десе, сотқа жүгінсе не болады? Сосын теміржол қозғалысын шектесе, кәсіпорын қайтпек? Бізде 400 адам еңбек етеді.

Ал құрылыс компаниясы болса көршілерінің бұл базынасы негізсіз деп санайды. Олар  азаматтық кодекске сай жылжымайтын мүлікті алушылар барлық ауыртпалыққа да алдын-ала келісетіндіктерін айтады.

Кайрат Айденов, құрылыс компаниясының өкілі: 

- Үйді алған кісі теміржолды көреді, солай орналасуына келіседі. Жалпы бізге кінә артушыларды түсінбеймін. Теміржол магистральды жол, теміржол тұйығы деп бірнеше санатқа бөлінбей ме? Әрқайсысының санитарлық қорғаныс аймағы бар. Ол аймақты мүліктің қожайыны белгілейді. Ал біздің жағдайымызда ондай құжатты көріп тұрғанымыз жоқ.

Теміржолдың бойына тұрғын үй салынуын заңсыз деп шырылдаған кәсіпкер әкімдікке, тиісті бақылау-қадағалау органдарына шағымданған. Мемлекеттік сәулет-құрылыс компаниясы былтыр жыл соңында тексеріс жүргізген.  Нәтижесінде тиісті жоба мен авторлық-техникалық қадағалаудың жоқтығы  әрі құрылыс бастауға рұқсат алынбағаны белгілі болды. Айыппұл салған. Артынан олқылықтардың орны толған соң құрылыс қайта қарқын алған.

Мағжан Мұратов, БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының инспекторы:

- Жұмыс жобасы бөлек ұйымнан арнайы сараптамадан өтеді. Қазіргі таңда АТЖ нысаны мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Яғни мемлекттік сараптама барлық жұмыс жобасы заңнама талаптарына, құрылыс нормаларына сай деп көрсетіп отыр.

Ал келесі мемлекеттік орган - жер ресурстарын басқару департаменті аталған жерде тұрғын үй салынуын заңсыз деп санайды. Өйткені қаланың бас жоспарына сай келмейді. Соған қарамастан қала әкімдігі 2021 жылы жердің пайдалану мақсатын өзгертіп, қаулы шығарыпты.

Тахир Нұрахметов, БҚО Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары:

- Сұраныс хаттарымызды алған болатынбыз «Градкадастрден». Соған сәйкес сондай ақпарат келді. Ол жер телімі өнідрістік аймақ деп, Соған байланысты сәйкесінше нұсқама қала әкімдігіне берген болатынбыз. Оның уақыты өтуіне байланысты біздің тарапымыздан қазір мамандандырылған  экономикалық сотына жүгінген болатынбыз.

Қала басшылығы сұхбат беруден бас тартты. Жалпы осы тұрғын үйдің төңірегінде түсініксіз жайттар көп. Бұрын бұл орында құжаты жоқ жандарды қабылдау мекемесі болған. Ескі ғимарат сүрілген соң, облыстық полиция департаменті жерді мемлекет меншігіне қайтармастан, аукционға шығармай жеке серіктестіктің қолына бірден ұстатады. Олар құрылыс басқармасымен, Полиция департаментімен үш жақты келісім жасайды.  

Болатбек Нұрғожин  БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Бұл меморандум талаптарына сәйкес БҚО полиция департаменті қызметкерлері үй алған жағдайда кемінде 500 шаршы метрден тұратын пәтер алуға мүмкіндіктері қарастырылған. Қазіргі  таңда бұл ғимараттың 8-ші қабаты салынуда. Полиция қызметкерлеріне кв метр 200 мың теңгеден беріледі.

Яғни, 120 пәтердің 10-15-і құқық қорғаушыларға жеңілдікпен сатылмақ. Ал қалған пәтерлер нарық құнымен саудаланады. Есесіне меморандумға сәйкес үйге инженерлік желілер бюджет есебінен тегін тартылады. Сонда үйді салушылар екі жеп биге шығары анық.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов, Э.Аюпов