Өскеменде бұрынғы саяжай аумағына жарық тартылады

Жыл соңына дейін Өскеменнің бұрынғы саяжай аумағында орналасқан 1000 үйге жарық тартылады.

Қазір ол жақтағы тұрғындарға қуат көзі сағаттап қана беріледі. Оның өзінде аракідік сөніп қалады.

Меруерт Сәдуақасова бұл жаққа көшіп келгеніне жиырмай жылдай болды. Одан бері көрген күні осы. Жергілікті тұрғындар басқаны айтпағанда жарықтың өзіне жарымай отыр. 

Меруерт Сәдуақасова, саяжай қауымдастығының төрағасы:

- Біздің күрделі басты мәселеміз – жарық мәселесі болған. Жаз мезгілінде жаңбыр шашын жел тұрса, қыс мезгілінде боран тұрса біздің саяжайымыз жарықсыз қалады. Тұрғындар өз бетінше шешуге мүмкіншіліктері жоқ. Қомақты қаражатқа қарапайым халықтың әл – ауқаты жетпейді.

Бұл шалғай ауыл емес, облыс орталығы – Өскеменнің шеткі ауданы. Бұрынғы саяжай аумағында 600 – ге жуық үй салынған. Бәрінің күні бір ғана транформаторға қарап отыр. Оның өзі ескі. Еш жерде тіркелмеген. Сынса, тұрғындар жөндеп алады. Қысқасы, мәселе шаш етектен.

Мәрзия Қажыахметова, қала тұрғыны:

- Не су жоқ міне. Ішетін су жоқ бізде. Жазда ғана әлгі келген суды огородты суарамыз. И то төлегендерге береді суды, төлмегендерге су жоқ. Ұрысып – төбелесіп бітеміз. Полиция шақыртамыз. Сонымен жүрміз міне айғай шудың ортасында.

Жергілікті тұрғындар қалалық әкімдік пен мәслихатқа талай рет хат жазды. Жылдар бойы жауыр болған мәселе биыл шешілетін болды. Қазір жарық желілерін тарту жұмыстары басталды.

Жомарт Кәрімжанов, мердігер ұйым директорының орынбасары:

- Кесте бойынша қараша айының соңына дейін аяқтауымыз керек. Жоба бойынша, 400 темір – бетон бағана мен 300 жарықшам орнатылады.

Ерназ Мұқатаев, қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Және Ақмер кентінде электр жүйесін жөндеп жатырмыз. Биылғы жоспарда биылғы күзде аяқтаймыз дейтін ойдамыз. Және де «Светач» саябағында жұмыстарды ана жылы бастап, биыл оны аяқтап жатырмыз.

Соңғы жылдары Өскеменнің шеткі аудандары едәуір ұлғайды. Саяжай аумағында тұрғындар үй салып, жаппай қоныстанып жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин