Семейдің 30 жыл бойы үйіліп жатқан қоқысын тазарту басталды

Семейде 30 жылдан бері жиналмай, үйіліп жатқан күл-қоқыс тазартыла бастады.

Қазір шаһарда 300-ден астам заңсыз қоқыс тастайтын орынды, жою жұмыстары жүріп жатыр. 1 сәуірден бері 90-ға жуық ірі полигон және 180 қоқыс үйіндісі тазартылған. Бұл жұмыс 2 ай бойы жүргізіледі. Тазалық жұмысы дәл қазір қаланың қандай аумағында жүргізіліп жатыр?

Азамат Қасым, тілші:

- Біз қаланың шет жағындағы Кірпіш зауыты ықшам ауданында тұрмыз. Өздеріңіз де көріп тұрғандай, бұл жердегі қоқыс үйіндіден кішігірім төбеге айналған деуге болады. Коммуналдық қызмет мамандары қазір мұнда тазарту жұмысын жүргізіп жатыр.

Қалада әр апта сайын сенбілік өтеді.  Бұған Абай облысының жеке өңір ретінде ашылуының да әсер еткенін айтпасқа болмайды. Биыл қала аумағын тазалауға жалпы 2 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1 жарым есеге артық. Ал заңсыз қоқыс орындары негізінен шаһардың Шығыс, Степной, Суықбұлақ, Жоламан, Кірпіш зауыты ықшам аудандарында орналасқан. Коммуналдық сала мамандары қоқыс үйінділерінің тым көптігінен бір күнде тазалап үлгермей жатқандарын айтады. Мәселен, бір ғана Суықбұлақ кентінің өзінен 50-ден астам қоқыс полигоны жойылып, 2000 текше метр қалдық шығарылыпты. Жалпы осы жұмыстармен қанша адам айналысып жатыр, қанша техника жұмылдырылған? Бұл туралы Семей қаласы әкімінің бас инспекторы Әскербек Тілеуовтен сұраған едік.

Әскербек Тілеуов, Семей қаласы әкімінің бас инспекторы:

- Осы күнге дейін 340 полигон болған. Соның 10 мың текше метрін шығарып тастадық. Жалпы қала бойынша 80 техника жұмыс істеп жүр. Бұл жерде Совет одағы ыдырағаннан бері жиналған қоқыс полигондары бар. Бұл Кірпіш зауытының орны. Ар жағындағы Суықбұлақ кентінен қаншама қоқыс шығарылды.

Семейдегі мұндай заңсыз қоқыс орындары «Ғарыш сапары» әуеден бақылау жүйесі арқылы анықталған екен.

Бір айта кетерлігі, қалада осындай бей берекет жатқан қоқыс үйінділері тым көбейіп кеткен соң қоқыс тастаушыларға жаза да күшейтіліп жатыр. Экологиялық айлық басталғалы бері полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 2-бабы бойынша 3141 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 18 миллион теңге көлемінде айыппұл салыпты. Тағы бір қосарымыз, Семей қаласының әкімі экологиялық айлық басталғанда рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккен техниканы суретке немесе видеоға түсіріп жіберген адамдарға да сыйақы береміз, арнайы естелік сыйлықтар табыс етеміз деп айтқан болатын. Алайда әзірге белсенділің танытқан азаматтар болмаған.